Дубайда өткен ат спортының әлемдік додасында шашасына шаң жұқтырмаған «Кабирхан» тұлпар енді бәйгенің финалына қосылады. Сәйгүліктің иесі Тілек Мұхамбетқалиев қазір оны баптап жатыр. «Кабирхан» Al Maktoum Challenge Presented by Longines бәйгесінде мәреге бірінші болып жеткен еді. 1900 метрлік жарысқа 12 тұлпар қосылды. Шабандоз Патрик Доббс мінген қазақстандық сәйгүлік мәре сызығын 1 минут 57 секундта кесті. Сөйтіп, қазақстандық сәйгүліктің иесі бір миллион доллар көлемінде бас жүлдеге ие болды. Ақтық бәйге келесі айдың соңына жоспарланған.
Тілек Мұхамбетқалиев, тұлпар иесі:
Кабирхан екі жасында үш жарысқа қатысты Алматы ипподромында, үшеуінде де жеңіске жетті. Содан кейін Ресейде 6 жарыстың бесеуін ұтты, біреуінде екінші болды. Содан кейін мен шештім Дубайға жіберуге. Енді алдағы жарыста финалға түсіп тұрмыз, екі кезеңді ұттық. Рейтингі жоғарылады. 30 наурызда болады.