Ұлыбританияда «Астана» ХҚО мүмкіндіктері таныстырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда «Астана» ХҚО мүмкіндіктері таныстырылды

05.02.2024

«Астана» халықаралық қаржы орталығы Лондонда шетелдік инвесторлардың басын қосты. Мақсат – Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтып беру. Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова баяндайды.

Жаһандық геосаяси жағдай инвесторларға халықаралық нарықтарға шығуды қиындатты. Ал Қазақстан Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан. Біздің ел арқылы Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытай және Каспий өңірі елдеріне тікелей шығуға болады.

Ренат Бектұров, «Астана» ХҚО басқарушысы:

Біз саяси-экономикалық реформаларды жалғастырып жатқанымызды, ашықтығымызды көрсеттік. Соған байланысты сыртқы тікелей инвестициялар 2022 жылы рекордтық деңгейді көрсетті.

Таныстырылымға халықаралық, инвестициялық банктерден, қаржы-консалтингтік компаниялардан, заң фирмаларынан 120-ға жуық өкіл келді. Олар орталықтың өңірдегі қаржы секторын жетілдірудегі рөлін талқылады.

Ник Кауфманн, Wood&Company инвестициялық банктің бөлім басшысы:

Әлемдегі ең ірі кастодиан банктер қаржы орталығы биржасының депозитарлық клиентіне айналды. Бюрократияның жоқтығы, салықтық жеңілдіктер орталықтың тартымдылығын арттырып отыр.

Қаржы орталығы ашылғалы бері Қазақстан экономикасына 11 млрд долларға жуық қаражат тартылған. Оның шамамен 40 пайызы орталық биржасы арқылы жүзеге асты. Өткен жылдың қарашасында биржада сауда-саттықтың 61 пайызын шетелдік инвесторлар жасаған.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу