Басты Жаңалықтар Бүгін – ұлттық басылым күні. Айтулы мерекемен Мемлекет басшысы құттықтады

Бүгін – ұлттық басылым күні. Айтулы мерекемен Мемлекет басшысы құттықтады

Бүгін халықтың көзі, құлағы һәм тілі болып келе жатқан ұлттық басылым күні. Дәл осы екінші ақпан күні 1913 жылы ел баспасөзінің бастауында тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Қалам ұстаған қауымды айтулы мерекемен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, газеттің ел өміріндегі ерек рөліне тоқталды.

Газет – қоғамның жаршысы. Ал өткен ғасырдың басында, аласапыран заманда халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын басылымның шығуы қалың қараша үшін ауадай қажет еді. Маңдайына ұлттың аты жазылған газеттің алғашқы саны Орынбор қаласында жарық көрді. Әлихан, Ахмет, Міржақыптар бастаған басылым бодандық бұғауындағы қазақ халқының санасын оятып, ұлттық бірлікке шақырып, білім мен ғылымға үндеді.

Ұшқын Сәйдірахманұлы, Әлихан Бөкейхан Алаш ғылыми-зерттеу институтының директоры:

Абдолла Байтасұлы ол қазақ газетін топтасқан азаматтардың қаламының өткірлігі сондай оны оқыған азаматтар құранның аятындай көретін еді дейді. Тағы бір мысал айтайын. 261 нөмірі газеттің екі рет басылып шыққан. Неге? Өйткені дәл сол уақытта Орынборды большевиктердің басып алуына байланысты газет шығарушы азаматтар Семейге орын ауыстырады. 

Ұлттық сананың өсіп дамуына үлкен үлес қосқан «Қазақ» газеті 1918 жылдың 26-қыркүйегіне дейін шығып тұрды. Сол кезеңдегі жалпы мұсылман түркі жұртына түсінікті қаріпте басылған. Тиражы 8 мыңға дейін жетіп, Түркия, Қытайға дейін таралып жатты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алаш арыстары шығарған бұл басылым сындарлы сәттерде ұлтты ұйыстыруға айрықша ықпал етті деп атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сөз бостандығына адалдығынан айнымаған басылымдар әрдайым шынайы ақпараттың және сапалы сараптаманың қайнар көзі болып қала береді. Газет-журналдар замана тынысын дөп басып, мемлекет пен қоғамдағы қордаланған мәселелерді көтереді, түрлі көзқарастағы ой-пікірлерді жарыққа шығарады. Сондай-ақ жалпы адамзатқа ортақ ізгі құндылықтарды дәріптейді.

«Қазақ» газеті елдегі барша басылымдардың бастауы. Бүгінде елімізде 5800-ден аса бұқаралық ақпарат құралы бар. Оның ішінде 4 мыңға жуық мерзімді басылым оқырман қауымға тұрақты түрде жол тартады.

Дихан Қамзабекұлы, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры:

Газет болмаса, сіз бір жеріңіз олып соғып тұрады. Зиялы қауым мен аға буын өзін адасып қалғандей сезетін еді. Ағылшынның зиялысынан сұраған сіздер таңғы астарыңызды неге газет оқып отырып ашасыздар деп. Сонда ол айтқан бұл дәстүр деп. Талай әлі уақыттар өзгереді. Бірақ газет қала береді.

Гаджет алға шықса да газеттің орнын баса алмасы анық. Оқиғаны талдап, сараптау, қоғамдағы түйіткілді дүниелерді көтеру бүгінгі басылымдардың міндеті. Ұлт баспасөзі тарихтың түрлі сынынан өтіп, қалыптасып, дамып келеді. Бастысы «Қазақ» газетінің идеясы мен баянды жолы жалғаса береді.


Шерхан Жамбылұлы

Бөлісу