«Туған жердің түтінін сағындым!»: Ақтөбе облысында ауылына қайтадан көшіп келушілер көбейді
«Туған жердің түтінін сағындым!»: Ақтөбе облысындағы Құрмансай ауылына қайтадан көшіп келушілер көбейген. Олардың бірі Германиядан оралған. Андрей Шульдайс елде қалған достарымды, жусан иісін сағындым,- дейді. Одан бөлек, ауылда бұрын тұрмаса да, осында мал шаруашылығымен айналысуға ниет еткендер де баршылық. Ауылдықтардың тыныс-тіршілігімен Жақсыбек Кемал танысып келді.
Андрей Шульдайс 2000-ыншы жылдары отбасымен бірге Германияға қоныс аударыпты. Ол жақта он жылдай тұрып, туған жеріне қайта оралды. Бала-шағасы Европада қалған. Олармен жиі хабарласып тұрады. Өзі мал өсіріп, бақша салады. Жасы жетпіске тақаса да, қайраты қайтпаған. Зейнеткер, енді туған жерімнен ешқайда кетпеймін дейді.
Андрей Шульдайс, ауыл тұрғыны:
Осында тудым. Еңбек еттім. Кезінде Германияға көшкім келмей, бала-шағам үшін ғана барған едім. Алайда Қазақстанымды, осы жақтағы достарымды, жусан иісін сағындым. Бұл жақта маған бәрі ыстық. Әсіресе, ауыл адамдарының бауырмашылық қасиеті. Бауырларым мен қызым осы жерге жерленген. Туған жерден жырақта өмір сүре алмайтыныма көзім жетті.
Амансұлу Төлеуқызы 35 жыл бойы Ақтөбе қаласында тұрған. Алайда зейнетке шыққан соң үлкен шаһардан шағын ауылға келді. Елді мекеннен үй сатып алып, 3 жылдан бері осында өмір сүріп жатыр. Азын-аулақ мал асырап, оның өнімін сатады. Оның бұл шешімін балалары да қолдай кеткен.
Амансұлу Төлеуқызы, ауыл тұрғыны:
25-інші жылы бұйырса газ келеді деп жатыр. Хейнетке шыққаннан кейін осы жаққа мал ұстауға, шамалы қаладан демалуға, жасаруға келдік. Жұмыс істесең, жасарасың.
Мәртөк ауданына қарасты бұл елді мекенге соңғы жылдары он отбасы көшіп келді. Әлі де келем деушілер көп. Ауыл басшысының айтуынша, елді мекенде әлі де бос үйлер баршылық.
Елдос Ғазизов, Құрмансай ауылдық округінің әкімі:
Ақтөбе қаласынан келеміз деп отыр, Ақтау жақтан көшіп келгендер бар ауылымызға.Осы қой шаруашылығымен, мал шаруашылығымен айналысып жатыр. Ауылдық округ тұрғындарының 95 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.Қазіргі таңда көктемде Черемушка деген көшеге су өткізуді жоспарлап отырмыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
