Басты Жаңалықтар Майқайың шұңқырында қаза тапқан құтқарушылардың туыстарына жәрдемақы толық берілмеген

Майқайың шұңқырында қаза тапқан құтқарушылардың туыстарына жәрдемақы толық берілмеген

Майқайың шұңқырында қаза тапқан құтқарушыларға әкімдік 4,5 млн теңгеден материалдық жәрдем көрсетілді, деп мәлімдеген. Бірақ марқұм болған екі азаматтың туыстары бұл қаржыны толық алмағандарын айтты. Қазір апат болған аумақта тағы екі адамды іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Әзірге нәтиже жоқ. Мәселені осы аймақтағы меншікті тілшіміз зерделеп көрді.

Майқайыңдағы опырылған ойыққа түсіп кеткен автобус пен ондағы екі адамды іздестіру жұмыстары басталғалы бүгін 29 күн болды. Әзірге нәтиже жоқ. Ал, денесі сыртқа шығарылған екі құтқарушыны жерлеуге көмек көрсетілді, одан бөлек жәрдемақы төленді деп хабарланды. Бірақ қаза тапқан құтқарушының қызы әлеуметтіқ желіде бұны жоққа шығарды.

Яна Осолодкова, қаза тапқан құтқарушы Олег Тышкевичтің қызы:

Бізге 2 млн теңге ғана берілді. Майқайыңалтын кен байыту комбинатынан. Жерлеу рәсіміне-деп. Басқадай көмек жоқ. Психолог тегін қызмет көрсетеді деген. Олда жоқ. Әкеміздің арты суымай жатып бізді ұмытты. Телефондарына жауап бермейді.
Ал әкімшілік комбинат пен құтқарушылар қызмет еткен кәсіпорын ғана емес, мемлекеттік мекемелер тарапынан да көмек көрсетілді дейді.

Жансерік Қапзолла, Павлодар облысы әкімдігі баспасөз қызметінің бас маманы:

4,5 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Жерлеу рәсімдеріне 100 АЕК немесе 369 мың 200 теңге мөлшерінде төлем жасалды. Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 94 АЕК немесе 347 мың теңге мөлшерінде төлем жасалды.
Опырылған ойыққа құлаған автобуста болғандардың бірі Бердіхан Сарқыт. Ол екі-ай құтқарушы болып қызмет атқарды. Артында 21 жастағы зайыбы мен шиеттей екі бала қалды.

Гүлнұр Қозыбаева, қаза тапқан құтқарушы бердіхан сарқыттың зайыбы:

Ешқандай 4,5 млн теңге алынған жоқ. Тек қана жерлеу рәсіміне деп мына комбинаттың 2 млн теңге алып келіп берді. Одан кейін 1 млн 800 мың теңге берілді жұмыс орнынан. Басқа ешқандай қаражат біз көрген жоқпыз. Тек 3 млн 800 мың теңге ғана көрдік.
«Біздің қолымызға тимеген қаржыны көпшілікке көбірек қылып көрсету кімге тиімді болмақ?. Бұдан бөлек үлкен көлемде жәрдемақы беріледі, балаларға кәмелеттік жасқа жеткенше зейнетақы тағайындалады деп жариялады. Бірақ біз бұғанда аса сенбейміз. Ендігі тілек шұңқырда қалған құтқарушы мен автобус жүргізушісі тезірек табылса екен», -дейді марқұмдардың туыстары.

Шыңыраудағы іздестіру жұмыстарына құмның сусуы кедергі келтіріп жатыр. Құтқарушылар өміріне қауіпті болғандықтан түнде жұмыс тоқтатылады.


Болат Аманбаев

Бөлісу