Тараз бен Шымкент арасында қарлы бораннан 6 шақырымнан асатын көлік кептелісі пайда болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараз бен Шымкент арасында қарлы бораннан 6 шақырымнан асатын көлік кептелісі пайда болды

01.02.2024

Жамбылда екінші күнге жалғасқан қарлы боран салдарынан Тараз бен Шымкент арасында 6 шақырымнан асатын көлік кептелісі пайда болды. Таңғы сегізден Жуалы және Қордай ауданында барлық көлік түрлеріне шектеу енгізілді. Ұзындығы 100 шақырымнан асатын жол бағыттары жабық. Жүргізушілердің көбісі көліктерін тастап кеткен. Ал дауылды бораннан жолда қалғандарды құтқару жұмыстары қалай жүруде? Әріптесім Данияр Әлімқұл аймақтағы ахуалды айту үшін бетқаратпас боранда жолға шыққан болатын.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Тараз бен Шымкенттің арасын жалғайтын жолдың көрінбейтін көрінісі осындай. Суыра соққан Жуалының ақтүтек боранынан аяқ алып жүру мүмкін мес. Бір метр жер ғана әрең көрінеді. Ал автобан бойында жедел жәрдем көліктері мен құтқару қызметі ғана жүр.

Жуалының Шақпақ ауылынан Жамбыл ауданына дейінгі 60 шақырым аумақта боз боран. Көру мүмкіндігі күрт төмендеген соң таңғы тоғыздан жол жабылды. Ал қозғалыссыз қалған жолаушылар Нұрлыкент ауылындағы жылыну бекетіне аялдап, күннің көзі ашылғанын күтіп отыр.

Жандос Байтілешов, Түркістан облысының тұрғыны:

Боран әзір басылатын түрі жоқ. Жол жабық, жол тазаланбаған. Жатырмыз осында. Машина тиеп, қайтадан Ташкентке жолға шығуымыз керек.

Шымкент бағытына шектеу енгізілгендіктен Айша бибі ауылы маңында 6 шақырымнан асатын көлік кептелісі пайда болды. 500-ден астам автокөлік тізіліп тұр. Жүргізушілер жанармай қорымыз алдағы 6 сағатта таусылады дейді. Көңілі күпті көлік иелері жолдардың жағдайына наразы.

Талғат Артықбаев, жүк көлігінің жүргізуші:

Астанадан келе жатырмыз 3 тәулік болды жолда келе жатқанымызға. Мүлдем сай емес ақылы жолға. Мысалы мен «Газельмен» «Қазавтожолға» айына жоқ дегенде 60-70 мың ақша төлеймін. Ақылы жолдар түгел тазаланбаған.

Ал жолға жауаптылар тәулік бойы тыным таппай жатырмыз дейді. Тіпті, тоқтаусыз жұмыстан техникалары да сынған. Жуалыдан Таразға дейінгі аралықты қанша тазаласақ та дауыл дес бермей тұр деген уәж айтады.

Айжан Туғанова, «Қазавтожол» ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры:

59 шақырымға бізде 17 техника жұмылған. 17 техниканың ішінде кеше бір КДМ істен шықты. Мен жүргізушілерге айтатыным биыл ауа райы өте қиын болып жатыр. + Түсіністікпен қарауға сұраймын.

Ал қарлы боран Түркістан облысы тұрғындарын да әбігерге салды. 14 бағыттағы жолдар жабылды. Жолаушылар мен жолдан шығып кеткен көліктерге төтенше жағдайлар қызметкерлері көмек көрсетуде.

Күні кеше ұйытқи соққан бораннан апатқа ұшыраған 26 көліктің жолаушыларының жағдайы жақсарып келеді. 5 науқас аудандық ауруханада, ал екеуі Таразда ем қабылдауда. Қордай ауданында жағдай мәз емес. 80 шақырым жол жабылды. Синоптиктер ертең кешке дейін екі өңірдегі боранның екпіні басылады деген болжам айтады.



Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу