Оқушыларға сабақ үстінде телефон пайдалануға тыйым салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оқушыларға сабақ үстінде телефон пайдалануға тыйым салынады

01.02.2024

Оқушыларға сабақ үстінде телефон пайдалануға заң бойынша тыйым салынады. Сенат бүгін бірауыздан заңды мақұлдады. Енді Президент қол қойса, ереже күшіне енбек. Құжатта оқушылардың қауіпсіздігіне және мектеп құрылысына қатысты мәселелер де қаралған. Телефонға тыйым салуға не түрткі болды? Ата-аналарға қажет кезде балалармен хабарласу қиын болып кетпей ме? Тілші материалында.

Оқушы партада болғанымен, көңілі басқада. Смартфон ұстаған балалардың зейіні бөлініп, үлгеріміне әсер етеді дейді мұғалімдер. Педагогтар телефонды тек қажетімен қолдану керек деп отыр.

Жанар Құлшықова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:

Көңілін басқа жаққа берілген тапсырмаларды орындамай кішкене әлсіздік білдіріп жатады. Сондықтан телефонның сабақта болмағанды жөн көремін. Әлбетте арасында тапсырмалар болады. Интернет желісінен іздену керек деген сияқты. Жеке жұмыстар берген кезде. Ондай кезде арасында рұқсатымызбен балалар пайдаланады.

Оқушылар өзгеріске әзір. Себебі қазірдің өзінде ішкі ереже бойынша көп мектепте бұл талап бар.

Самал Нұрболатқызы, 7-сынып оқушысы:

Маған телефонның қажеттілігі ата-анама өзімнің қауіпсіздігім, ата-анама беру үшін ғана қажет. Бірақ та сабақ уақытында қолдануды дұрыс көрмеймін және қолданбаймын.

Енді ереже заңмен бекітілмек. Дегенмен балалар байланыс құралын мектепке әкеліп, өзімен ұстап жүре береді. Тек 45 минут сабақта алаңдамас үшін сөмкесіне немесе арнайы жәшікке салып қоюы керек. Қоңырауда емін-еркін қолдануға болады.

Наталья Жұмаділдаева, ҚР Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары:

Бұл білім сапасын жақсарту үшін жасалып отыр.Біз халықаралық ережені мұқият зерттедік. Мұндай заңды көбіне Орталық Азия елдері қолданған. Ал Еуропада Франция, Норвегия және тағы басқа елдерде осындай ереже бұрыннан бар. Біз балаларға телефон қолдануға мүлдем тыйым салмаймыз. Тек сабақ үстінде ғана. Үзіліс кезінде және басқа уақытта ата-аналар балаларымен байланыса алады.

Білім деңгейін бағалайтын халықаралық PISA бағдарламасының дерегіне сәйкес оқушылардың 30 пайызы оқу үстінде телефонға телміреді. Олар өзге сыныптастарына қарағанда емтиханда 15 балл аз жинаған. Ал Сенат төрағасының сөзінше біздің оқушылар шетелдік құрдастарынан 3 жыл артта келеді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Оқу сауаты бойынша жағдай алаңдатып отыр. Біздің оқушылар дамыған елдердегі құрдастарынан осы көрсеткіш бойынша 3 жылға қалып отыр. Бұл жүйеде олқылықтардың бар екенін көрсетеді. Сонымен бірге оқушылардың әлеуметтік желілерге де әуес екенін де аңғартады. Бұл аса қауіпті емес болып көрігенімен, болашақта сапалы маман дайындауға кедергі келтіреді.

Құжатта оқушылардың қауіпсіздігіне көңіл бөлінген. Мәселен көпқабатты ғимараттардың терезелеріне құлап кетуден сақтайтын механизм орнату міндеттеледі. Ал мектеп, балабақша немесе емханасы жоқ аудандарда тұрғын үй салуға рұқсат берілмейді. Заңға сәйкес енді жаңа ауданда әуелі әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуі тиіс.


Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу