Алматыда өткен «Digital Almaty-2024» форумында ШЫҰ мен ЕЭО елдері сарапшылары мен кәсіпкерлері тәжірибе алмасты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда өткен «Digital Almaty-2024» форумында ШЫҰ мен ЕЭО елдері сарапшылары мен кәсіпкерлері тәжірибе алмасты

01.02.2024
Алматыда өткен «Digital Almaty-2024» форумында ШЫҰ мен ЕЭО елдері сарапшылары мен кәсіпкерлері тәжірибе алмасты

Индонезия еліміздің «Сергек» жүйесіне қызықса, қазақстандық өндіріс орындары қиын жұмысты оңай әрі жылдам істейтін роботтардың бағдарламасын жасауға кіріспек. Бүгін Алматыда өткен цифрлы форумда Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Еуразиялық экономикалық Одақ елдерінің жетекші сарапшылары мен кәсіпкерлері өзара тәжірибе алмасып, меморандумға отырды. Үш күнге созылатын цифрлық форумның алғашқы күнінде қай салаға басымдық берілді? Әйгерім Ердәулет айтсын.

Цифрлық форумының алғашқы пленарлық отырысы электронды үкіметтің қалай жұмыс істеп жатқанын баяндаудан басталды. Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин былтыр онлайн режимінде 50 млн қызмет көрсетілгенін, қызметтердің 92%-ы азаматтарға үйден шықпай-ақ қолжетімді болғанын айтты. Сондай-ақ, министр «Astana Hub» халықаралық технопаркі резиденттерінің табысты IT-стартаптарын атап өтті. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының Astana Hub тәжірибесін масштабтау жөніндегі тапсырмасы аясында 12 өңірлік технопарк ашылған.

Бағдат Мусин, ҚР цифрлық даму, министрі:

«Astana Hub-тың халықаралық компаниялар арасындағы артықшылығы мен тартымдылығы – бұл визалық және салықтық преференциялар, эксаумақтылық, онлайн тіркелу мүмкіндігі. 2 жылдық ынтымақтастықтың нәтижесінде түлектердің саны 2 есеге артты, бұл компаниялар Таяу Шығыс, АҚШ және Еуропа нарықтарына шығып үлгерді. IT-қызметтердің экспорты 99% - ға өсті, бұл 2023 жылдың 9 айында – 373,4 млн АҚШ долларын құрады.

Бағдат Мусин, форумға қатысқан шетелдің өкілдеріне мұндай IT Hub-тар халықаралық деңгейде өзара тығыз жұмыс істеуі қажет екенін айтты. Форумда электронды Үкімет, ақылды қала сияқты бағыттардан бөлек, кәсіпорындардағы жаңа индустрия жайы айтылды. Технопарктердің, технологиялық компаниялардың көрмесі қойылды. Мәселен, өндіріске қажетті бұл роботтар отандық компанияларда саусақпен санарлық. Инженерлер тың техника ауыр жұмысты жылдам атқарып қана қоймай, жаңа мамандық игеруге мүмкіндік береді дейді.

Сәбит Рашев, «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорының сарапшысы:

Бұл роботтарды өндірісте қолдансақ, еңбек күші азаймайды. Керісінше, жұмыс істейтін адамдардың саны артады. Өйткені, роботтың жұмыс істеуі үшін жасалынатын экожүйені it-мамандар кәсіпорындағы жұмысшылармен бірге іске асырады. Яғни, кешегі дәнекерлеуші роботтың бағдарламасын жасауға ат салысады. Осылай олар жаңа саланы меңгеріп шығады.

Сондай-ақ, отандық мамандар шахтадан бастап әуе компаниясында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін мынадай терминалдарды қоюды ұсынып отыр. Бірі-қызметкер жұмысқа кіріспес бұрын оның денсаулығын тексерсе, екіншісі өндірістегі қауіпсіздік ережесін,заң талаптары сұрап барып, кәсіпорынға өткізеді. Әзірге Ресейдің бұл техникасын еліміздің бірнеше өндіріс орны тапсырыспен алдыртқан. Қазір елімізде құрастырылып жатыр.

Руслан Лапшын, IT компаниясының менеджері:

Бірінші терминал шыққан, қазір регистратура құжаттарын енді алып жатырмыз, мамыр-маусым айында дайын болады. Бізде 10-15-тен жоғары клиенттер бар. Біз енді стартаппыз, осы жылы тағы 30-40 компания біздің терминалды алады деп ойлаймыз.

Ал Индонезия елі «ақылды қалаларды» салудағы көлік қозғалысын талдайтын қазақстандық «Сергек» жүйесінің жұмыс істеу технологиясына қызықты. Бүгінгі форумда тараптар меморандумға отырды. Осылайша, «Сергек» Индонезияда пилоттық жобаны бастап-ақ кетті.


Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу