Түркістан облысының Қазығұрт ауданында жаңадан салынған екі қабатты үйдің қабырғалары жылға жетпей жарылып кетті. Себебі жаңа үйдің қабырғалары ажырап, едендері опырылып түскен. Бөлмелерде сызат түскеннен бастап үрейленіп жүрген тұрғындар осылайша бір түнде көшуге мәжбүр болды. Қазір пәтерлерін тастап кеткен отбасылар уақытша баспаналарды паналап отыр.
Қазығұрт ауданының орталығынан салынған мына екі қабатты үй өткен жылы кезекте тұрған көпбалалы аналар мен мүгедектерге және тұрмысы төмен он отбасыға берілген болатын. Алайда қазан айынан бастап бөлмелерде сызаттар пайда болып, қабырғалары сөгіле бастапты. Ал қаңтардың тоғызы түні дуалы жарылып, едені опырылып қалған. Түн ортасында болған апаттан аман қалған тұрғындар үйімізді тастап қаштық дейді.
Мәрия Сейтқұлова, Қазығұрт ауданының тұрғыны:
Жарылды сызат болып. Өзінен өзі жарылып жүр еді. Бір күн түнде өстіп сызаттады да, үй өзінен өзі құлады. Сөйтіп бәріміз шықтық, улап-шулап. Далаға шықтық. Сөйтіп звондадық звондайтын жерге.
Содан бері бұл үй қаңырап бос тұр. Тұрғындардің базбірі дүние мүлкі мен жиһаздарын тастап кетсе, базбірі бұзып әкеткен. Жергілікті билік оларды уақытша баспаналарға көшірген. Бірақ көпбалалы отбасылар қазір тар бөлмелерде қысылып, қымтырылып өмір сүруге мәжбүрміз дейді. Мәселен, үш баланың анасы Салтанат Омарова жауаптылар уәде еткендей пәтерлердің берілмегенін айтады.
Салтанат Омарова, Қазығұрт ауданының тұрғыны:
Қазір мен қызметтік үйде, аядай ғана бір бөлмеде тұрып жатырмын. Аядай бөлмеге әрең сиып отырмыз. Мен заттарымды көшіріп әкеле алмадым. Қираған үйде тұр. Кредитке жасатқам. Балам киініп жатса, қызым шығып тұрады. Қызым киініп жатса балам шығып тұрады. Біреуміз әжетханаға барып киінеміз.
Ал жаңа баспананы қабылдап алған құрылыс бөлімінің басшылығы бұл үйдің бес айда салынғанын айтады. Барлық құрылыс нормаларына сай келеді деп отыр.
Ермек Момбеков, Қазығұрт аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:
Техникалық қадағалаушының қортындысына сәйкес, мердігердің сәйкестік декларациясына сәйкес, одан кейін авторлық берілген қортындысына сәйкес солар нақты нормаға сәйкес дегеннен кейін қабылдап алынған.
Бюджеттің 187 миллион теңгесі жұмсалған қос қабатты үйге жертөле қарастырылмаған. Содықтан кәріз суын дер кезінде құрғатпаған соң, астына су жиналған дейді аудан әкімдігіндегілер. Өйткені жаңа үйдің жанында үш баспананың кәріз суы жиналатын шұңқыр жасалған. Ол жиі толып, салдарынан іргетасы шөгіп кеткенін алға тартты.
Нұрсұлтан Медеуов, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары:
Сол тұрғындардың есебінен уақытында тазаланбағандықтан, обратка қайтадан ұрған. Негізі енді өзіміздің болжам бойынша жалпы сол канализация жүйесінің стоягы дейді ғой, түбінен болып жатқан. Отырғанының негізгі себебі сол екені көрініп тұр.
Қазір жаңа баспананың құрылысын тексеруге арнайы техникалық сараптама тағайындалды. Соның қортындысы шыққан соң ғана тұрғындардың мәселесі біржақты шешіледі деп сендірді.
Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:
Қабырғасы қақ айрылып, едені опырылып кеткен екі қабатты үйдің есігі қазір жабық тұр. Салаға жауаптылар тиісті сараптама қортындысы шықпай мұнда кіруге болмайды деп шешкен. Ал бір түнде баспанасыз қалып, қарама-қарсы тұрған үйді уақытша паналап отырғандарға қашан пәтер берілетіні әзірге белгісіз.
Айнұр Әбілқасымқызы