Көкшетауда бүйрегін 18 мың АҚШ долларына сатпақ болған ер адам ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда бүйрегін 18 мың АҚШ долларына сатпақ болған ер адам ұсталды

31.01.2024

Көкшетау қаласында өз бүйрегін 18 мың АҚШ долларына сатпақ болған ер адам ұсталды. 19 жастағы жігіт бұл туралы әлеуметтік желіге хабарландыру берген. Оған қоса, трансплантациялық операцияны сатып алушы жақ ұйымдастыруын талап етіпті. Мұны көрген полицейлер онымен дер кезінде байланысқа шығып, арнайы келісімге келген. Нәтижесінде күдікті ақша беріп жатқанда ұсталды. Тергеу барысында оның Ақтөбе қаласының тумасы екені, бірақ Астанада тұратыны анықталды. Ол мұндай қадамға құмар ойынның салдарынан қарызға белшесінен батып, амалсыз барғанын айтады.

Ербол Дүйсембеков, Ақмола облыстық полиция департаменті басқарма басшысының орынбасары:

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бірнеше апта бойы арнайы жедел іздестіру іс шараларын жүргізді. Нәтижесінде олар күдіктімен трансплантация жасау және ақша беру туралы арнайы келісімге келгені анықталды. Ақтөбе облысының тұрғыны бүйрегін сату үшін Көкшетау қаласына арнайы келген. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. 

Хабарламаларға жазылу