Басты Жаңалықтар Жамбылдағы жол апаты: 26 адам жарақат алған

Жамбылдағы жол апаты: 26 адам жарақат алған

Жамбылда қарлы боран салдарынан 30-ға жуық көлік соқтығысып қалды. Жуалы ауданы, Нұрлыкент ауылы маңында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан 26 адам жараланды. Оның ішінде бір жастағы бала да бар. Ал төрт жолаушы жансақтау бөліміне жеткізілген. Боранға ұрынғандардың басым бөлігі Шымкенттен шығып, Таразға бет алғандар. Тас жол бойында жалпы саны 26 көлік соқтығысқан. Оның 4-еуі автобус, 13-і жеңіл көлік, 9-ы жүк таситын техника. Апаттан аман қалғандар көз жасына ерік беріп, жедел жеткен құтқарушыларға риза.

Қызболған Егембердиева, Түркістан облысының тұрғыны:

Үш отбасы, екі баламды ертіп алып, бала-шағасымен барғанбыз сол жаққа.+Пойызға мінгізіп жіберетін болды Түркістанға, +соны күтіп отырмыз енді.

Айнұр Оспанова, Шымкент қаласының тұрғыны:

Бала-шағамен келе жатқанбыз. Келін басын ұрып алды да, қалғанымыз есімізді білмей қалдық. Рахаттарын көрсін бала-шағаларының. Аман-есен жетіп алсақ, сол тілерім!

Жол апатында оң иығының буыны созылған бір жасар балаға көмек көрсетілді. Ары қарай ата-анасы Алматыда амбулаториялық ем қабылдамақ. Ал жалпы жарақат алған 26 адамның 4-уі жансақтау бөліміне жедел жеткізілді. Жарақаттары ауыр болғандықтан алдағы уақытта ота жасалмақ. Ақ халаттылар науқастардың келісім беруін күтіп отыр. Оқыс жағдай бойынша облыстық төтенше жағдайлар және полиция департаменті, сондай-ақ «Қазавтожол» тарапынан жедел штаб құрылды. Құтқару жұмыстарына барлығы 50 адам, 20 техника жұмылған. Қозғалыссыз қалған жолаушылар жақын маңдағы жылы мектептер мен балбақшаларға жеткізілді.

Толқын Өмірбаева, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі:

Амбулаторлық көмек көрсетілген 18-інің әртүрлі тізе, қол, аяқ, кеуде, қабырғалары сынған, әртүрлі көгерген, түрлі жарақаттар алған. Санитарлық авиация арқылы тиісті мамандар барып, медициналық көмек көрсетілді.

Руслан Орынбеков, Жамбыл облысы ТЖД бастығының орынбасары:

Нұрлыкент ауылдық округіндегі мәдениет үйінде 54 адам, оның ішінде 9 бала жылыту пунктіне жеткізілді. Қазіргі таңда жылыту пунктіндегі зардап шеккен адамдар ыстық тамақпен және төсек орынмен қамтамасыз етілді.


Бөлісу