Елімізде дін туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтайдың айтуынша, бұл жат ағымдармен күресіп, ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін қажет. «Өйткені діннің атын жамылған топтар елдің берекесін алып жатыр», - дейді депутат. Айтуынша, бет-жүзін тұмшалау, балақ кесіп, ата-анадан безу қазаққа жат дүние. Сондықтан дерт ушықпай тұрғанда мәселені заңдық тұрғыда шешіп, ойына келгенін айтатын «интернет молдалармен» күресу қажет деді. Ал сарапшылар мәселені біліммен шешу керек деген пікірде.
Аманжол Әлтай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Теріс жат ағымдардың біздің салт-дәстүрімізге, өмірлік ұстанымымызға, әдет-ғұрпымызға, ұлттық менталитетімізге келмейтін шабуылдары бұл ең бірінші кезекте ұрпақ үшін қауіпті. Өсіріп, тәрбиелеп жатқан жас ұрпақ олардың жетегіне еріп кетуі мүмкін. Сондықтан да біз бұған бірінші кезекте заңнамалық тұрғыда реттеуіміз керек. Екіншіден, қоғамда өзіміздің нақты идеологиялық ұстанымымыз болуы керек.
Оразәлі Сәбден, экономика ғылымдарының докторы, академик:
Бұл мәселеге түбегейлі қарау керек. Діни фанатизм, әртүрлі шығып жатқандар - мұның барлығы білімсіздіктен. Дін мен ғылымның интеграциясы жоқ бұл жерде. Бір-бірінің көзін ашу керек. Бәрі прогреске, болашаққа жұмыс істейді. Рухани құндылығымыз осы арқылы қалыптасады. Сол себептен бұл жерде айқайлап тұрып айту керек, Парламент тыңдау, жасау керек.
Досжан Маратұлы