Атырауда оқушылар 4 ауысымда оқуға мәжбүр. Оған мектептердегі былтыр аяқталуы тиіс күрделі жөндеу жұмыстарының бітпеуі себеп. Мәселенің мән-жайын меншікті тілшіміз Нұрсұлтан Нұрсейіт біліп қайтты.
№19-ші және №27-ші мектептің оқушылары басқа мектептерде оқуға мәжбүр. Салдарынан өзге білім ошағына салмақ түсіп тұр. Аядай нысанда сынып бөлмесі тапшы. Жүздеген мұғалім отыратын кабинет болмағандықтан дәлізде соқтығысып жүр.
Әлия Еділбаева, №24 мектеп директоры:
Ата-аналар тарапынан қалыпты уақытқа қашан көшеміз деген сұрақтар өте көп. Қазіргі таңда 4 ауысымдық мектеп болып отырмыз деген сұрақ та туындайды. Солай дәріс беріп жатырмыз.
Қала бойынша өткен жылы 5 мектеп жабылды. Оларды бастан аяқ күрделі жөндеуге бюджеттен 1млрд 700 млн теңге қаражат бөлінген. 3 білім ошағы пайдалануға берілді. Ал өткен жылдың қарашасында тапсырылуы тиіс 2 мектептің мердігері жұмысты аяқтамады. №19 мектепте жағдай тіптен мүшкіл. Іші де, сырты да жайрап жатыр.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Білім басқармасындағылардың айтуынша бұл жердегі жұмыстар 80 пайызға аяқталған. Ал мердігердің сөзі бойынша 60 процентке бітіп тұр. Бірінші және екінші қабаттағы едендер сол күйі төсеусіз қалған. Бөлінген қаражаттың 50 пайызы да игерілмепті.
Есенжол Мұхамбетәлиев, №19 мектеп гимназиясы директорының міндетін атқарушы:
Жақын арада бітеді деп айта алмаймын. Ауруын жасырған адам арам өледі дейді қазақта. Ешкімнен ештеңе жасырып тұрған жоқпын. 1-2 айда бітіп кетеді деп айта алмаймын.
Қазір білім басқармасы мердігердлерді сотқа берген.
Тілекқабыл Байдошев, Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары:
Жергілікті әлеуеттік үнемдеушілер түскенін қалаймыз. Себебі жасаған кезде өздері үшін уақытында бітіруге тырысады. Ал басқа облыстардан келетін болса суб подрядчиктер іздейді, уақыт кетеді.
Жалпы өңірде күрделі жөндеуді қажет ететін 62 мектеп бар. Реновация бағдарламасы негізінде жұмыстарды кезең-кезеңімен 2029 жылға дейін бітіру көзделген. Ал, жөндеу жұмысы басталып, аяқсыз қалған екі мектептің жыры әзір бітпейтін сыңайлы. Өйткені, соттың қашанға дейін созылатыны белгісіз.
Нұрсұлтан Нұрсейіт