Атырау облысында мектеп оқушыларын тасымалдауға берілген жаңа 23 автобустың 11-і тұрақта қаңтарылып тұр. Шалғай ауылдың оқушылары мектепке әлі ескі көліктермен қатынауға мәжбүр. Меншікті тілшіміз Нұрсұлтан Нұрсейіт білім мекемесіне тиесілі көліктердің не себепті жүрмей тұрғандығын зерделеген болатын.
Былтырғы оқу жылында жаңа 23 автобус мектептерге берілді. Алматыда құрастырылған халықаралық стандарттарға сай көліктерге бюджеттен 1 млрд 400 миллион теңге бөлінген. Алайда оның тең жартысы орнынан қозғалмастан тұр. Тіпті 2-еуі жүрмей жатып бұзылыпты.
Байдәулет Құсайынов, автобус жүргізушісі:
Тормоздың бір жерінен ақау кетті. Гарантиясы болғасын біз мамандарын күтіп отырмыз.
Сәуле Хасанова, Еркінқала орта мектебі директорының орынбасары:
Бір ақ күн жүрді. Сол маманға байланысты қазір жасалмай тұр. Енді болашақта маман табылып жатқан жағдайда автобусты қолданысқа береміз.
Қала іргесіндегі Еркінқала ауылдық округінің тұрғыны Батырбек Төлегенов жаңа сары автобустарды әлі көзіміз көрмеді, - дейді. Мектепке баратын ұлын өзі тасып жүр.
Батырбек Төлегенов, ата-ана:
Тарлау ескі автобус. Баламды күнде алып кетем. Автобусқа мінгісі келмейді балалар сығылысады деп. Осы жүрсе жақсы енді.
Жылыой ауданындағы мектепке берілген автобус та бұзылып жүрмей қалған. Ал қалған тоғызында жанар-жағармай мәселесі шешімін таппай отыр. Мемлекеттік сатып алу веб порталына енгізілгенімен, алайда жанармаймен қамтуға ұсыныс білдірген ешкім жоқ.
Орынтай Биманова, Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары:
Жанар-жағармайды ұсынушы компаниялар яғни көп мөлшерде, ірі компаниялармен шартқа отырғысы келеді. Ал мектептер шағын, бұлар ондай көп мөлшерде ала алмайды. Сондықтан бұлар мемлекеттік сатып алу порталына түспей жатқан жағдайы бар.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Жаңа автобустардың мәселесі қашан шешілетіні әзірге белгісіз. Оған дейін балалардың осындай ескі автобустарда қыстырылып жүре тұруына тура келеді.
Нұрсұлтан Нұрсейіт