Түркістан облысында білім саласы қызметкерлері 1 млрд 800 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінді. Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті мен облыстық прокуратура қызметкерлері Мақтаарал аудандық білім бөлімі есепшілерінің 1,2 млрд теңге, ал Бәйдібек аудандық білім бөлімі қызметкерлерінің 600 млн теңгені заңсыз иемденіп алғанын әшкерелеген.
Құзырлы орган өкілдерінің мәліметінше, бұл мамандар 2020-2023 жылдар аралығында мектеп қызметкерлерінің карточкалық шоттары мен жеке сәйкестендіру нөмірлерінің орнына олармен үлестес тұлғалардың мәліметін енгізген. Сөйтіп оларға тиесілі қаражаттарды иемденіп отырған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында күдіктілердің жылжымалы және жылжымайтын мүліктеріне тыйым салынды. Осы қылмыстық іс барысында жауапкерлер 120 млн теңгені мемлекетке қайтарған. Тергеу жалғасып жатыр.
Айнұр Ақбаева