Аягөзге жылу электр орталығын салу қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аягөзге жылу электр орталығын салу қажет

23.01.2024

Аягөз қаласына жеделдетіп жылу электр орталығын салу қажет. Қазір қолданыстағы қазандықтардың дені тозған. Жылу құбырларының да, 60 проценті ескірген. Осы жылудың жетіспеушілігі шаһарға жаңа құрылыс салуға да қолбайлау. Тіпті, көпқабатты үйде тұрса да, пәтерлерін пешпен жылытып отырғандар көп.

Өткен ғасырдың 30-шы жылдары салынған мына екі қабатты үйлерді тұрғындар пеш жағып жылытып отыр. Оның үстіне әбден тозығы жеткен үйлер апатты жағдайда. Жергілікті әкімшілік бас жоспарға сәйкес оларды күреп тастап, орнынан жаңа көпқабатты үйлерді тұрғызуды ойластырған. Алайда қаладағы қазандықтардың қуаттылығы жетпегендіктен ол мүмкін болмай отыр.

Зейнеткер Серікхан Қарымсақов тұратын екі қабатты үй жылу жүйесіне қосылмаған. Таңның атысы-кештің батысы ақсақал от жағып-күл шығарудан қажыған.

Серікхан Қарымсақов, зейнеткер:

Жылына 6-6,5 тонна көмір жағамын. Шелектеп тасимын екінші этажға. Өзім зейнеттемін. Осы от жағу қиын болып тұр. Жылдан жылға ауыр болып келді.
Қазір Аягөзде 30-дан астам көпқабатты үй, оған қоса түрлі коммерциялық нысандар мен өзге де мекемелер пешпен күнелтуде. Оларды қаладағы қазандықтарға қосу мүмкін емес. Шаһардағы ең ірісі орталық қазандық. Мұнда 2019 жылдың қыс мезгілінде апат болып, халық жылусыз қалған еді. Сол жылы орталық қазандыққа күрделі жөндеу жүргізіліпті. Мамандардың айтуынша, оның өзі қазір тоза бастаған.

Владимир Силин, қазандық шаруашылығының шебері:

Орталық қазандықтың жағдайы 60 процентке ғана қанағаттандырарлық. Өйткені мұнда тым көп нысандар қосылып тұр. Тағы үйлерді қоссақ шамасы келмей қалады.
Оның үстіне бізде қосалқы қазандық жоқ.
Жалпы Аягөзде 6 қазандық жұмыс істейді. Жекеменшіктің иелігіндегі 3-еуі, 70 пайызға дейін тозып тұр. Сондықтан мәселені түбегейлі реттеу үшін қалаға жедел түрде жылу электр орталығын салу қажет.

Медет Тәтенов, Аягөз Ауданы әкімінің орынбасары:

Қазір бары өзі 40 Гигакалорий, ал қажеттілігі 100 Гигакалорий. Шамамен 1,5 есе күш керек әлі. Енді ТЭЦ салсақ бізде қосымша қуат болады да орталықтағы барлық, аваринный үйлерді жаңартып, орнынан 5 этажды үйлер салуға әбден бір мүмкіндік бар.
Бірақ жылу электр орталығы қашан салынуы мүмкін екені белгісіз. Сондықтан шаһар басшылығы қалт-құлт етіп тұрған қазандықтары қыс ішінде сыр бермесе болғаны деп тілеп отыр. 


Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу