Бельгияда әлеуметтік орталықтарға сұраныс артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда әлеуметтік орталықтарға сұраныс артты

23.01.2024

Қытымыр қыс еуропалықтарды әбден әбігерге салды. Мұндай суыққа қамсыз халық, отынды көп алып, жылуға шығындалатын болдық деп алаңдап отыр. Он жылда жаумаған қалың қар түсіп, күн суытқалы ел билігі баспанасыздарға арналған уақытша орталықтарды көбейтті.

Қалың қар жауып, ауаның температурасы күрт төмендегелі баспанасыздарға арналған уақытша орталықты паналаушылардың қатары артты. Тәртіп бойынша, үйсіз-күйсіз жандар мұнда тек түнеуге келуі тиіс. Бірақ, қақаған қыста бірнеше баласымен далада қалғандарға орталық қызметкерлері көктемге дейін осында қалуға рұқсат етіпті.

Жизель Вальчи, тұрғылықты жері жоқ азамат:

Жалдап отырған пәтердің ақшасын төлей алмаған соң, үй иесі екі баламмен қуып шықты. Көшеде картоннан жасаған үйшігімізде тұрып жатқанбыз. Қар жауып, қатты тоңдық. Мына жерде жағдайымыз жақсы.

Мұнда негізінен қарттар мен отбасылы азаматтар тұрып жатыр. Мекеме басшылығы демеушілердің көмегімен паналаушыларды үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етуде.

Винсент Мантесса, тұрғылықты жері жоқ жандарға арналған орталықтың үйлестірушісі:

Осыдан 10 жыл бұрын алғашқы орталықты ашқанда біз тәулігіне 100 адам ғана қабылдайтынбыз. Қазір күніне 2000 адам келеді. Көбісі дағдарыстың кесірінен жұмыссыз, баспанасыз қалғандар.

Жанұшыра жатын орын іздегендердің көптігін ескерген «Қызыл крест» қоғамы Брюссельде 100 адамға арналған тағы бір орталық ашты. Оның өзі аздық етеді. Сондықтан тұрғылықты жері жоқ азаматтарға күн жылынғанша шаһардағы метро, вокзалдарда түнеуге рұқсат етілді.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу