Жетісу облысында бүркітшілер сайысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында бүркітшілер сайысы өтті

20.01.2024

Жетісу облысының бүркітшілері биылғы жылдың алғашқы саятшылар сайысын өткізді. Текелі моноқаласында тұратын құсбегілер бұл жарысын күзде Астанада өтетін 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қолдау мақсатында ұйымдастырды. Қыран ұшырып, тазы жүгіртіп ұлттық құндылықты ұлықтаған шарадан өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлы толығырақ.

Текелілік құсбегілер арасында бекзат өнерге бет бұрған жастар көп. Қазақ халқының төл кәсібіне қызығушылық танытқандар арасында өзге ұлт өкілдері де бар. Иван Лавров бір жыл бұрын қолына алғаш рет қыран қондырып, қазір аңға да шығып, бүркітшілердің түрлі жарыстарына да қатысып жүрген жайы бар.

Иван Лавров, жас бүркітші:

Бүркітті қолыңнан ұшырғанда өзіңді басқа бір әлемге түскендей сезінесің. Құстың олжалы болғанын көріп, қанжығаң майланып жатса, тіпті керемет ләззат аласың. Маған қыранды баптаған, үйреткен ұнайды. Болашақта өзімді құс әлемін зерттейтін мамандық иесі орнитолог болғым келеді.

Моноқала тұрғындары саятшылар сайысында құсбегілердің бірнеше бағыт бойынша өнерін тамашалады. Бүркітті шырғаға салғанын, қоян мен түлкіге түскенін көрді.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Тұлпар мініп, қолыңа қыран құсты қондырған кезде ерекше бір рух аласың. Ал бүркіттің томағасын тартып, ұшырған кезде әсер тіпті ерекшелене түседі. Саятшылар сайысындағы байқаудың бір түрі бүркітті қолға шақыру. Қазір Айқабақ атты бүркіттің томағасын тартып ұшырамын, иесін таба ма көрелік.

Қалада құмай тазы асырайтындар қатары да көбейіп келеді. Таулы аймақта орналасқан шаһардың айналасы аң-құсқа бай. Сондықтан мұндағы жұрт ұлттық құндылықтарды ұлықтап, салауатты өмір салтын қалыптастырып қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын да ескеріп келеді.

Бүркітбай Файзолла «Жетісу саятшылары» облыстық ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті:

Текелі қаласы Жетісу облысы саятшыларының орталығы болайын деп тұр ғой. Өйткені осы балалардан үйреніп, мектеп жасындағы балалар және осы қаладағы жастар қазір бүркіт ұстап, кіші қырандармен айналысып, қызығушылық танытып жатыр.

Сайыс болған жерде жеңген де бар, жеңілген де бар. Үздік құсбегілерге шаһар басшылығы өз тарапынан сый құрмет көрсетті.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу