Елде бірыңғай уақыт белдеуі енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде бірыңғай уақыт белдеуі енгізіледі

19.01.2024

Елде бірыңғай уақыт белдеуі енгізіледі. Үкімет қаулысы дайын. Енді 29-шы ақпаннан 1-ші наурызға қараған түні барлық өңір бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді. Бұл жаңалықты тұрғындар қалай қабылдап жатыр, ғалымдар не дейді?! Жандос Темірғали тарқатып айтады.

Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуі енгізіледі. Үкімет қаулысы дайын. Енді 29-шы ақпаннан 1-ші наурызға қараған түні барлық өңір бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді. Бұл жаңалықты тұрғындар қалай қабылдап жатыр, ғалымдар не дейді?! Жандос Темірғали тарқатып айтады.

Бірыңғай уақыт белдеуі деген ұғымды төрт күл дүние әлдеқашан мойындап қойған. Олай дейтініміз, бұл өзгерісті әлемнің 175 елі енгізген.

Отандық ғалымдар, Қазақстанның басым бөлігі соңғы 1 ғасырда өзінің табиғи уақытынан алға келе жатыр деп дабыл қағып отыр.

Биотехнолог мамандардың айтуынша, уақыттан озу – адамзатты тоздыратын процесс. Осы бағытты 22 жылдан бері зерттеп жүрген Әмір Қуат, барлық өңірдің сағатын теңестіру – денсаулық таразысын тепе-тең ұстауға мүмкіндік береді дейді.

Әмір Қуат Ғалым, биотехнолог:

Біз қазіргі таңда UTC +6 –да ұйықтап жатқандықтан түнгі ұйқыңыз бір сағатқа кем. Сондықтан сіздің ағзаңыздағы регенеративтік процесстер бір сағатқа жасап үлгере алмай жатыр. Соның кесірінен қазір Қазақстанда онкологиялық, кардиологиялық, васкулярлық, суидцидтар,ажырасулар көбейіп кетті. Сіз бір аптаға өзіңіздің ұйқыңызды бір сағатқа кемітіп көріңіз. Не болады? Психоэмоциялық жағдайы күрт өзгеріп кетеді. Нервный болып кетеді адамдар мысалы.

Бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің пайдасы ұшан теңіз. Экономика күшейеді. Логистика бір уақытқа ұйысады. Жұмысы банкке байланған бизнес өкілдері үшін қаржылық операциялардың уақыты ұзарады. Бастысы – шаруа түгел, ұйқы қанық. Бір сөзбен айтқанда уақыттан ұтылмаймыз.

Мәселен, 2018 жылы Қызылорда облысында жергілікті уақыт 1 сағат кейінге шегерілген еді. Ол кезде де халықтың алаңдап қалғаны рас. Бірақ, қазір ел енгізілген өзгерістің игілігін көріп отыр.

Пірмұхаммед Сыздықов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

Бізбен басқа Астанамен уақыттарының айырмашылықтары болуы бір сағатқа шынымен жұмыс кестесіне қиындық тудырды. Банк саласында да уақыттардың айырмашылығы кедергі болды. Бұл енді қазір бір уақыт белдеуіне көшу экономикалық тұрғыда да, әлеуметтік жағынан да өте тиімді деп есептеймін.

Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, осы Қызылорда облысы мен батыс өңірлер өзгеріссіз қалады. Астана, Алматы, Шымкент қаласы, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан,Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары бірыңғай уақыт белдеуіне ауысады.

Жандос Темірғали, тілші:

Бірыңғай уақыт белдеуіне ауысу шығынды қажет етпейді. Бір ғана қимылмен шешілетін шаруа. Мәселен, 29 ақпан Батыс өңірлерде түнгі 12 болғанда, Астанадағы біз 1-де тұрған сағат тілін 60 минутқа артқа шегереміз. Осылайша, Қазақстанның барлық аумағы UTC +5 уақыт белдеуіне өтеді.

Хабарламаларға жазылу