Алты мың қазақстандық мәйіт доноры болуға дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алты мың қазақстандық мәйіт доноры болуға дайын

17.01.2024

Қаза тапқаннан кейін ағзасын донорлыққа беруге 40 мың қазақстандық ниет білдірген. Оның ішінде 6 мың адам нақты рұқсатын берген. Бұл туралы бүгін Мәжіліс қабырғасында Денсаулық сақтау министрі айтты. Ажар Ғинияттың сөзінше, бұл медициналық емес, моральді-этикалық мәселе. Тұрғындардың көбі әлі де көз жұмғаннан кейін ағзасын өзгеге беруге дайын емес. Дегенмен, алдағы уақытта заңға өзгеріс енуі мүмкін. Ол донор іздеп жүргендерге көмектесе ме? Қазір қанша адам кезекте тұр? Тілші материалында.

Өмірбайдың өмір үшін күресіп жүргеніне 5 жыл. Бүйрегіне дерт түсіп, аурумен арпалысып келді. Емхана екінші үйге айналған. Бес баласы бар. Қуат берген сол бүлдіршіндер дейді. Жолы болып, жақында ағза табылды. 7 қаңтарда мәйттік донордың бүйрегі сәтті ауыстырылды. Құлан-таза айыққан ол енді жақын күнде балаларымен қауышады.

Өмірбай Құлжанов, науқас:

Өзім сенген жоқпын. Телефон соққан. Донор бар дайын деп. Шын ба? Келейін ба деп? + Балам бесінші класс. Папа енді жақсы болып кетесің бе дейді. Постоянно больницаға барасың. Күнде барасың, бармашы дейді маған.

Бірақ, бәрінің де жолы бола бермейді. Жыл сайын Қазақстанда донор кезегі жетпей 350-ге жуық адамның демі таусылады. 4 мың адам күту парағына тіркелген. Олардың үш жарым мыңы бүйрек ауруы. Бұдан бөлек тағы 4 мың науқас диализ емін қабылдап жүр. Демек, оларға да көп ұзамай ағза ауыстыру қажет.

Мэлс Асықбаев, Ұлттық ғылыми онкология орталығы ағза транспланттау секторының жетекшісі:

Ең басты проблема ол донор тапшылығы. Мәйіттік донордың жетіспеушілігі. Еуропа мемлекеттерімен салыстыратын болсақ, оларда 95 пайыз мәйіттік трансплонтация жасалынады. Ал, біздің елде керісінше. 99-98 пайыз туыстық трансплантация.

Қазіргі заңнама бойынша науқас донор болуға келісім берген күннің өзінде туыстарынан рұқсат сұрау міндетті. 90 пайыз жағдайда марқұмның жақындары оның шешімімен келіспей, бас тартады. Денсаулық сақтау министрі заңға өзгеріс енуі мүмкін екенін айтып қалды. Қазір ұсыныстар жиналып жатыр. Өзі де ағзасын донорлыққа беруге келісім бергенін айтты.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Денсаулық сақтау министрлігі кез келген азамат электрондық үкімет арқылы өз еркін білдіре алатын электрондық тіркелім бар. Бүгінде 40 мың қазақстандық өз ұстанымын білдірген, оның 15% -ы келісті.

Қайтыс болған бір адамның ағзасы 7 жанның өмірін құтқаруы мүмкін. Мәселен жақында 2 адамның мәйіттік донорлығы арқылы 9 науқасқа операция жасалды. Елде 18-ге толған, дені сау, кез-келген азамат донор бола алады. Ол үшін «Egov» порталы арқылы электронды түрде немесе емханаға барып келісімін береді немесе бас тартады.


Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу