АҚШ Қытай компанияларына ауыл шаруашылығы жерлерін сатып алуға тыйым салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ Қытай компанияларына ауыл шаруашылығы жерлерін сатып алуға тыйым салды

17.01.2024

АҚШ Қытай компанияларына ауыл шаруашылығы жерлерін сатып алуға тыйым салып жатыр. Қазірдің өзінде бірнеше штат арнайы заң қабылдап үлгерді. Конгресс те жалпы федералдық деңгейде қытай кәсіпкерлерінің жер сатып алуына шектеу қоймақ. Меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы тарқатады.

Жалғас Сәдібек, тілші:

Қытай компаниялары АҚШ-та ауыл шаруашылық жерлерін жаппай сатып ала бастады. Қазіргі таңда бұл салаға қаржы құйған әлем елдерінің тізімінде 18-ші орынға көтерілді. Ресми мәліметке қарағанда, екі жыл ішінде акционерлері Қытаймен байланысты компаниялардың иелігіндегі жердің жалпы көлемі шамамен 30 пайызға өскен. Мұндай қарқын америкалықтарды қатты алаңдатып отырса керек. Осы кезге дейін он бес штат қытай азаматтарының жер сатып алуын ішінара шектесе, Арканзас тіпті мүлдем тыйым салды.

Сара Хакаби Сандерс, Арканзас штатының губернаторы:

Бүгін, біз мұндай қадам жасаған елдегі алғашқы штат болып отырмыз. Қытайдың Сингента мемлекеттік агрохимиялық компаниясы Арканзас штатында орналасқан өзінің меншігіндегі жерден бас тартуы керек. Бұл компания тұқым шаруашылығын зерттеумен айналысады.

Арканзас штатының қара тізіміне Қытаймен қатар Ресей, Иран, Солтүстік Корея секілді елдер де енді. Басқа штаттар әзірге мұндай қатаң шара қолданбаса да қытай фирмаларына әскери нысандарға жақын жерлерге иелік етуге шектеу қойып жатыр. Бұған Техас пен Солтүстік Дакота штатында қытайлық компаниялардың әскери-әуе күштері базаларының маңындағы жерлерді сатып алуы түрткі болған.

Уайлдер Алехандро Санчес, «Second Floorstrategies» консалтингтік фирмасының президенті:

Штаттардың мұндай қадамға не себепті барып жатқаны түсікті. АҚШ пен Қытай арасындағы Тайванға, қорғаныс саласындағы тыңшылық және өзге де мәселелерге қатысты шиеленіс арта түсті.

Тағы отыздан аса штат арнайы заң қабылдауды көздеп отыр. Конгресс қарекетсіз қалмады. Сенаторлар Қытай, Ресей, Солтүстік Корея және Иран секілді елдердің компанияларына АҚШ-тың мемлекеттік немесе жеке меншік ауыл шаруашылығы алқаптарын сатып алуға тіпті жалға алуға тыйым салатын заң қабылдады. Сарапшылардың айтуынша, бұл шаралар осынсыз да күрделі болып тұрған Қытай мен АҚШ байланысын одан бетер қиындата түсуі мүмкін.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу