Павлодар қаласының бас жоспарына жауапты лауазым иесі қызметінен кетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар қаласының бас жоспарына жауапты лауазым иесі қызметінен кетеді

12.01.2024

Павлодарда заңсыз құрылысқа жол берген сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы қызметінен кететін болды. Шаһардың бас сәулетшісінің тәртібін қараған әдеп жөніндегі комиссия осындай шешім қабылдады. Шенеунік "рекреационды аумақтарда құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне ықпал" етті деген күдікке ілініп отыр. Бұл ретте прокуратура шаһардың архитектуралық көркі жойылып барады, деген дәйек келтірді. Ретсіз жүргізілген құрылыс инженерлік-коммуникациялық желілерге салмақ түсіреді. Ал, мұндай тәуекелдің астарында мердігерлерге қолайлы жағдай тудырып, ыңғайға жығылу жатыр, - дейді бақылаушы орган өкілдері. Сондықтан комиссия тарапынан қылмыстық іс қозғау туралы ұсыныс та айтылды.

Нұргүл Қайырденова, «Әділдік жолы» РҚБ ПОФ жетекшісі:

Тек қана орнын босатып кете қалу деген деген сөз емес. Менің ойымша бұл факт бойынша құзырлы органдар тиісті шешім қабылдап, қылмыстық жауапкершілікке дейін тарту мәселесін қарастыру керек деп ойлаймын. Себебі, ары қарай мұны жалғастыра берсек біз мұндай нүктелі заңсыз құрылыстарды қаламызда тоқтата алмаймыз.

Ал Қарағандыда жаңадан салынған тұрғын үй кешені қайта бұзуы мүмкін. Сот осындай шешім шығармақшы. Өйткені құрылысқа қажетті заңды рұқсат құжаты болмай шыққан. Ал мердігер компания өкілдері төленген қаражат үлескерлерге қайтарылмайды, деп отыр. Енді 293 салымшының ақшасы желге ұшу қаупі бар.


Хабарламаларға жазылу