Жетісу облысындағы жүгері мәселесі бір аптада шешімін табады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысындағы жүгері мәселесі бір аптада шешімін табады

11.01.2024

Жетісу облысы жүгері өсірушілерінің мәселесі бір апта көлемінде шешімін табады. Бұл туралы Талдықорғанға жұмыс сапарымен барған ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді. Өңірдің шаруаларымен кездескен сала басшысы мәселенің мән-жайын анықтап, нақты шешім қабылдау үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыру керек екенін жеткізді. Соның ішінде жүгеріні өткізу үшін еліміздегі құс фабрикаларымен келіссөздер жүргізу қажеттілігін айтты.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Корпорация сатып алып, үш айға рассрочкамен птицеводтарға береміз. Ол бір. Екінші жағынан завод сіздердегі. Оларға да тапсырма бердік. Қазір қарастырып жатыр. Олар 20 мың тонна сатып алады. Сондықтан осының бәрін қоссақ бір 40 мың тоннадай шағын, кішкентай зардап шеккен шаруашылықтар бірінші кезекте соларға көмектесу керек. 
Айта кету керек, Жетісу облысының шаруалары былтыр 57 мың гектарға жүгері дақылын септі. 380 мың тоннадай өнім алды. Бірақ баға түсіп, сатып алушы мен сақтайтын жер болмай 100 мың тоннадай жүгері далада жатыр. Мұнан бөлек әлі орылмаған 1000 гектар алқап бар. Өңірге жұмыс сапарымен барған сенаторларда бұл мәселеден құлағдар. Шаруалар да өз ұсыныстарын айтып, мәселені Үкімет деңгейінде қарау қажеттілігін жеткізген болатын. Сенат депутаттары Премьер-министр Әлихан Смайыловқа өзекті мәселені шұғыл шешу қажеттілігі туралы депутаттық сауал жолдады.

Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті сенатының депутаты:

Қазақстандағы және бүкіл әлемдегі ауылшаруашылық өнімдері нарығындағы сұраныс пен ұсыныстардың жағдайын айқындап, тұтыну көлемін және нарықтың негізгі көрсеткіштерін есептеп, ауа-райының жаһандық өзгеруіне және басқа да факторларды ескере отырып, ең бастысы ауыл шаруашылық өндірушілерімізді шығындардан шектеу мақсатында іс шаралар жоспарын шұғыл енгізуіңізді сұраймыз. 


Қ. Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу