Жамбыл мен Павлодар облысында бірнеше елдімекен жарықсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл мен Павлодар облысында бірнеше елдімекен жарықсыз қалды

11.01.2024

Ақтүтек боран біраз жұртты әбігергесалды. Жойқын желдің салдарынан Жамбыл және Павлодар облыстарында бірнеше елді мекен жарықсыз қалды. Ал Кереку мен Семейдің орталық алаңындағы миллиондаған теңгеге қойылған шыршалар желге төтеп бере алмай бірінен соң бірі құлады. Бірнеше өңірде мектептерде сабақ тоқтатылып, балалар қашықтан білім алды.

Дүлей дауыл салдарынан Жамбыл облысында 31 мыңнан астам адам жарықсыз қалды. Желдің екпіні секундына 30 метрден асты. Жауаптылар «қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесінде абоненттердің 85 пайызына жарық жетті» деп мәлімдеді. Шәкен Ниязбеков ауылындағы орта мектептің шатыры ұшып, 11 млн теңге шығын келді. Жел кей көпқабатты үйлердің шатырын жұлып әкетті, 60-қа жуық ағаш құлады. Салдарынан 10-нан астам адам түрлі жарақат алып, жедел жәрдем көмегіне жүгінген.

Қайрат Исмаил, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

Электр энергиясын қалпына келтіру бойынша 12 жұмыс бригадасы жұмылдырылған. Онда 50-ге жуық маман мен 14 техника жұмылдырылған. +Енді әлеуметтік нысандарда жалпы жылыту маусымына байланысты жылу қамтамасыз етілген. Штаттық режимде жұмыс жалғасуда.
Керекуде орталық алаңға орнатылған шырша желдің екпініне шыдамай құлап қалды. Жасанды ағашты сатып алуға қала бюджетінен 52 миллион теңге жұмсалған еді. Павлодар қаласы мен сегіз ауданда электр қуаты өшіп қалды. Қазір 16 ауылдық округ жарықсыз отыр. Бірнеше әлеуметтік нысанның шатыры ұшып кетті. Жолда қалған 80 адамға көмек көрсетілді.

Семейде де орталық алаңға қойылған биіктігі 19 метрлік шырша құлады. Сол сәтте нысанның жанынан өтіп бара жатқан адам қашып үлгерген. Желге төтеп бере алмай төңкерілген шыршаны коммуналдық мекеме мамандары жинап тастады. Әкімдік өкілдері оны орнату үшін «Бюджеттен қаржы жұмсалған жоқ»- деген ақпарат таратты.

Атырауда Доссор кентінен Қарабау ауылына жолға шығып, жоғалып кеткен үш азамат аман-есен табылды. Іздеу-жұмыстарына тікұшақ жұмылдырылды. Мамандар қолайсыз ауа райында жолға шықпауға кеңес береді. Синоптиктер бірнеше өңірде дауылды ескерту жариялады.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу