Эквадорда қарулы қақтығыс басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Эквадорда қарулы қақтығыс басталды

10.01.2024

Эквадор президенті Даниэль Нобоа елде қарулы қақтығыс басталғанын мәлімдеді. Қарулы топ мүшелері Гуаякил қаласындағы телеарна ғимаратын басып алған. Бірнеше журналисті кепілге алды. Соңғы мәліметтерге қарағанда, полиция кепілдегілерді босатып, бірнеше қылмыскерді тұтқындады. Тағы бір ақпаратқа сай, қарулы топ университетке де басып кірген. Бұған қоса олар полицейлерге, қауіпсіздік күштеріне шабуылдады. Эквадордағы тәртіпсіздіктер атышулы мафия лидері түрмеден қашып кеткеннен кейін басталды. 34 жылға сотталған Адольфо Масияс 12 жыл түрмеде отырып, «Лос-ЧонЕрос» мафиялық тобын басқарған. Жағдай шиеленіскен соң ел президенті 60 күнге төтенше жағдай жариялады. Қарулы қақтығыс басталғанын растайтын жарлық шығарды. Бұған сай қылмыстық топтардың бәрі террористік ұйымдарға теңестіріледі. Эквадордағы жағдайға байланысты көршілес Перуде де төтенше жағдай жарияланды.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу