Қарағанды облысында зиянды жұмыс істейтіндерге арнайы төлем беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында зиянды жұмыс істейтіндерге арнайы төлем беріледі

09.01.2024

Қарағанды облысында зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеуіне байланысты арнайы төлем алуға үміткер 5 мыңнан астам адам бар. Биылғы жылдың алғашқы аптасында олардың 30-на төлем тағайындалды. Бұған дейін қауіпті, ауыр еңбек жағдайында көмір қазып, металл құйып қиналғандар енді үйде отырып-ақ орташа есеппен 208 мың теңге көлемінде көмек қаражатын алады. Әлеуметтік төлем кімдерге тиесілі, қандай талаптары бар? Толығырақ тілшіміз Руслан Нұрланұлы тарқатсын

Юрий Понамарев Қарағандының ең ірі металургиялық комбинатында 25 жылға жуық металл бөлшектерді кесуші болып еңбек етті. Бұл жұмыс тың жарақат алу қаупі жоғары. Темірді қағазша тілетін қондырғы аңдамаса турап түседі. Бұрынғыдай шапшаң қимылы жоқ, қайраты қайта бастағандықтан ардагер металлург арнайы төлемін алып, жеңіл жұмысқа ауысуға ниет білдірген.

Юрий Пономарёв, металл бөлшектерді кесуші:

Бізге таңдау берілді. 63 жасқа дейін ауыр жағдайда жұмыс істей беру оңай емес. Сондықтан 55 жастан бастап жеңіл жұмысқа ауысып, не мүлдем демалысқа шығуға болады. Бұл әлбетте құптарлық дүние. Біздің ай сайынғы айлығымыздың өзі 180 мың теңге көлемінде. Ал арнайы төлем айлықтан да көптеу болуы мүмкін.

Жасқа толған және кемінде 7 жыл міндетті зейнетақы жарнасы болуы тиіс. Арнаулы әлеуметтік төлем экономиканың 19 саласындағы жұмысшыларды қамтиды. Оның ішінде ең көбі тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібіндегі жұмысшылар. Қарағанды облысында осы санатқа сай келетін 5600 адам бар.

Ләззат Сембек, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті ҚОФ департаментінің бөлім басшысы:

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін бұл проактивті тұрғыда жүзеге асады. Яғни құжат жинаудың ешқандай қажеті жоқ. Ол кісілер өз мекемесінде зиянды жұмыстан шығу туралы өтініш беруі қажет. Сол өтініш беріліп, еңбек шарты бұзылғаннан кейін бұл мәлімет Еңбек.кз сайтына түседі. Сол кезде азаматтардың ұялы телефонына СМС хабарлама келеді. Егер олар бұл төлемге келісетін болса 1414 нөміріне келісемін деп жауап беруі керек. Сол кезде бұл автоматты түрде жинақталып банк шотына түсетін болады.

Арнайы төлем 63 жасқа дейін төленеді. Одан кейін заңға сәйкес зейнеткерлікке шығады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының дерегі бойынша елде 2024 жылы 37 мыңнан астам жұмыскер аталған төлемге үміткер бола алады.

 Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу