Арнайы әлеуметтік төлем орта есеппен 208 мың теңге – Министр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арнайы әлеуметтік төлем орта есеппен 208 мың теңге – Министр

20.12.2023

Зиянды жұмыста істейтіндерге арнайы әлеуметтік төлем орта есеппен 208 мың теңге. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мәлімдеді. Денсаулыққа зиян өндірісте жұмыс істейтіндерді әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша толықтырулар енгізілген заң Парламентте қабылданып, Президенттің қол қоюына жіберілген. Жаңа нормаларға сай, арнайы әлеуметтік төлемді 55 жасқа толған және кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы жарналарын аударған азаматтар алады. Бірақ ол үшін еңбеккер жеңіл жұмысқа ауысуға тиіс немесе еңбек шартын бұзуы керек. Ал арнайы әлеуметтік төлем зейнеткерлік жасқа жеткенше төленеді. «Арнайы әлеуметтік төлем көлемі мен талаптары туралы ақпаратты hr.enbek.kz сайты арқылы алуға болады», - деді Светлана Жақыпова.

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Негізі өзінің жеке кабинетін ашу керек. Жеке кабинет ашу үшін сіздің электрондық қолтаңбаңыз болу керек немесе смс арқылы кодыңызды енгізіп, ақпарат ала аласыз. Заң бойынша жұмыс орны зиянды болса, ол азаматтарға жұмыс беруші 2014 жылдан бастап кәсіптік зейнетақы жарналарын аударып отырған бірыңғай зейнетақы қорына. Егер сол жарналардың төлемдері 84 ай құраса, тек сонда ғана ол азаматтар қол жеткізе алады жаңағы төлемдерге.

Қаракөз Тұрмағанбет


Хабарламаларға жазылу