Түркістан облысының Келес ауданынан өтетін республикалық маңызы бар автожол құрылысы жылдар бойы басталмай, созылып келеді. Салдарынан аудан орталығында көлік кептелісі туындап, қозғалыс қиындап кетті. Өзекті мәселе ҚР Парламенті Сенатының депутаттарының халықпен кездесуі барысында сөз болды. Аудан тұрғындары басқосуда сондай-ақ Ұшқын елдімекеніне жаңа мектеп салу мен бірқатар ауылдардың медициналық нысандарын жаңарту мәселесін көтерді. Біртілек елдімекенінен мәдениет үйін салу мен ауылдарды газдандыру қажеттігін жеткізді. Халық қалаулылары іс-сапары барысында Мақтаарал мен Жетісай ауданы тұрғындарымен де кездесті. Оларды толғандырған мәселелерін тыңдады. Мақтаарал ауданы бойынша 7 елдімекенге газ беру мәселесі өзекті болса, жетісайлық дәрігерлер маман тапшылығы мен заманауи құрал-жабдықтардың жетіспеушілігін атап өтті. Жергілікті шаруалар жеңілдетілген минералды тыңайтқыштар мен жанар-жағар майдың жеткізіліп берілуін, ағын су тарифінің қымбаттап кеткенін ашына айтты. Жекеменшік каналдарды мемлекет меншігіне өткізу жұмыстары қолға алынса деген өтініштерін білдірді.
Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының Депутаты:
Жалпы республикалық бюджеттің 50 пайыздан астамы әлеуметтік салаға жұмсалып жатыр. Ол деген сөз біздегі мектептер. Ол деген сөз біздегі медицина мекемелері, әлеуметтік қорғау. Яғни алда тұрған мақсаттар көп. Жасалып жатқан жұмыстар көп. Соны халыққа жеткізу үшін келіп отырмыз. Одан кейін әлі де бар проблемаларды халықтан тыңдап, соның шешілуіне атсалысу үшін келдік.
Айнұр Ақбаева