Такси жүргізушілеріне қолайлы жоба әзірленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Такси жүргізушілеріне қолайлы жоба әзірленді

04.01.2024

Мобильді аударымдары қадағаланады дегелі, кей такси жүргізушілері жолаушыдан қолма-қол төлем талап етіп бастаған. Мұны әріптесім анықтады. Кірістер комитеті бұл қадам көлеңкелі бизнестің жолын кесу үшін жасап отырғандарын айтады. Алайда, такси қызметкерлеріне қолайлы жоба әзірлеп, пилоттық режимде Астана мен Алматыда енгізілген. Аида Ахметбек рет-ретімен.

Егер кәсіппен айналысып жүрген азаматқа, 3 айда 100-ден аса аударым жасалса , ол салық органдарының бақылауына ілігеді. Талдау барысында оның жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі, салық төлеуі тексеріледі. Болмаса айыппұл салынады. Осыдан үрейленген кей такси жүргізушілері, онлайн төлем алудан бас тартып жатыр.

Салық төлеуден жалтарып, кірістерін жасырғысы келетін азаматтар үшін енді Мемлекеттік кірістер комитеті e-salyk мобильді қосымшасы арқылы қолайлы пилоттық жоба әзірледі. Қазір бұл жобаға 1500-ден аса жеке кәсіпкер тіркеліп үлгерді.

Ерқанат Шыңберген, Арнаулы салық режимдерін әкімшілендіру басқарма басшысының міндетін атқарушы:

Тағы бір артықшылық қандай егер сіз таксопаркпен жұмыс істесеңіз, салық агенттігі ретінде сізден ол 10 пайыз ұстап қалады, ал егер сіз осы мобильді қосымшаны қолданып жұмыс істесеңіз, 1 пайыз салық төлейсіз.

Бұдан бөлек, 2025 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап, ресми тіркелген такси жүргізушілері үшін тағы бір жаңалық бар. Жолаушылардың қауіпсіздігі қамтамасыз ету үшін, мобильді қосымшалардың операторлары жауапты болады. Бұл туралы көлік министрлігі мәлімдеді.

Жәдігер Тілеген, ҚР көлік министрлігі автомобиль көлігі басқармасының басшысы:

Такси тасымалдаушыларына қатысты техникалық байқау, медициналық байқау, сондай-ақ жұмыс істеу уақыты болуы тиіс. Автомобиль істен шыққанда оны ауыстыру тиіс.

Аида Ахметбек, тілші:

Демек, мобильді қосымша операторлары такси жүргізушілері мен олардың көліктерін жіті қадағалайды. Жүргізушілерге артық жүктеме артылмауы, көліктің техникалық тексерісі де солардың мойнында.


Хабарламаларға жазылу