Ақтөбеде апатты үй тұрғындарының мәселесі шешілер емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде апатты үй тұрғындарының мәселесі шешілер емес

28.12.2023

Ақтөбеде Мемлекеттік бағдарламамен 5 жыл бұрын ғана салынған көп қабатты екі үйдің тұрғындары баспаналарынан айрылды. Өйткені, бұл нысандар көп уақыт өтпей, тұруға жарамсыз болып қалған. Іргетасы мен қабырғалары жарылып, шытынап кеткен. Ал әкімдіктің оларға жаңа үй береміз деген уәдесі созылып барады.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл үйлер апатты деп танылғанымен, әлі күнге дейін бұзылған жоқ. Тек уақытша қоршаулар ғана қойылған. Ал тұрғындар уақытша басқа баспаналарға көшірілді. Жақын маңда тұратындар бұл нысандар құлап, адамдар өміріне қауіп төндіре ме деп алаңдайды.

Тұрғындардың алаңдауына негіз де жоқ емес. Өйткені, 48 пәтерлі екі үйдің де іргетасы шытынап тұр. Ал, ішкі көрінісі тіпті қорқынышты. Қызығы – тұрғындардың бұл жерден көшкеніне жарты жылдан асса да, несиелерін үзбей төлеп отыр. Одан бөлек, қазір уақытша тұрып жатқан баспаналарының коммуналдық төлемдері де мойындарында. Айтуларынша, әкімдіктің жаңа үйге көшесіңдер деген уәдесі орындалар емес.

Аманғали Асанбаев, қала тұрғыны:

Күттіріп келе жатыр. Сентябрьдің 20-сы деді, декабрьдің төрті, үші, отопление береміз, содан кейін документ дайындаймыз, көшесіңдер деді. Жоқ. Енді мін, февральдің аяғына дейді. Сонымен, жазға баратын шығар, мына үйде бір жыл тұратын шығармыз енді.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл екі үйді құрылыс компаниясы бұзып, орнына жаңасын тұрғызуы тиіс еді. Алайда, олардың кепілдік уақыты өтіп кеткен. Әрі сот шешімі де солардың пайдасына шешілді.Оның үстіне екі нысанды қабылдап алған мекемелер тарапынан шағым болмаған.

Бауыржан Жантөрин, қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

Бірінші үйдің құны 170, екіншісінікі 345 миллион теңге. 2018-інші жылы қолданысқа берілді. Екі нысанды да авторлық және техникалық қадағалау мекемелері қабылдап алды. Біз бұл мекемелерді міндеттемелерін дұрыс орындамағаны үшін сотқа бердік.

Әкімдік тұрғындардың ешқайсысы далада қалмайды деп сендіріп отыр. 48 отбасы «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған жаңа үйге екі айдан кейін көшіп баруы тиіс. Ал, құлаудың аз-ақ алдында тұрғын екі апатты үйдің қашан бұзылатыны әзірге белгісіз.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу