Басты Жаңалықтар Ақтауда көліктер өрт сөндіруге кедергі болды

Ақтауда көліктер өрт сөндіруге кедергі болды

Ақтауда 6 қабатты тұрғын үйде алапат өрт болып, абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Алайда бір подьездің қасбеті түгелдей жанып кетті. Себебі, өрт сөндірушілер қызыл жалын ошағына дер кезінде жете алмаған. Өйткені, үйдің ауласы тар, оның үстіне көліктер қалай болса солай қойылып, жолды жауып тастаған. 

5-ші домның соңғы подьезі өртеніп жатыр. Адамдар жылап жатыр.

Бейнежазбаларда құдды бүкіл үй жанып жатқандай. Бірақ, абырой болғанда қызыл жалын оған жетпей өшірілді. Тұрғындар зардап шеккен жоқ, пәтерлер де бүлінбеген. Дегенмен түн ортасында жұрт қатты шошып қалған.

Алмас Үттібаев, Ақтау қаласының тұрғыны:

Өрт деген 4-5 этажға жетіп қалған кезі. Сол кезде ғана көрдік. Бала-шағамызды алып, сыртқа шықтық бірден. Ауланың тарлығы иә кешегі пожарниктердің кіруіне кедергісін жасады. Сосын мына біздерде люктарда гидрантар жоқ екен. Пожарниктер су қосатын жер таба алмады ғой.

Өрт 38-ші шағын аудандағы 5 үйде болды. Ал бұл тұрғын үй кешені былтыр ғана қолданысқа берілген. Тұрғындардың айтуынша су жаңа үй сапасыз құрылыс материалымен қапталыпты.

Мадет Раймов, Ақтау қаласының тұрғыны:

Қалтқыдан жасалған, өртке сразу алынып тұр. Біз мына застройщиктермен шайқасып келе жатырмыз. Камера болу керек каждый этаж, каждый подъезд. Сосын домофон болуы керек. Бөтен адам кіріп кетпеу үшін. Бұл бөтен адам кіріп кетті ма білмейміз.

Төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, өрт 29 минутта ауыздықталған. Бірақ, осы уақытта 170 шаршы метр аумақ жанып үлгерді. Бұдан да тез өшіруге мүмкіндік болған. Алайда, өрт сөндіру техникасы жанып жатқан аумаққа жақындай алмай, біраз әбігерге түскен.

Қабілет Есжанов, Ақтау қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары:

Үйлердің алдында тұрғындар көліктерін тәртіпсіз қоюына байланысты, оқиға орнына жету сәл уақыт ұстады десек те боладдды. Бұл жағдай жалпы Ақтау қаласы бойынша кешкі уақыттарда яғни тұрғындар жұмыстан келіп, үйінде болатын уақыттарда көп тіркеледі.

Осы оқиғаға қатысты өрттің себебі анықталып жатыр. Сондай-ақ, шығындар есептелуде. Құрылыс компаниясының басшылығы өз есебінен сынған терезелерді ауыстырып, үйдің қасбетін жаңалауға уәде берді. Ал, тұрғын үй кешенін сапасы бойынша мәліметтер пен материалдар мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жолданбақ.

Аягөз Оралбайқызы


Бөлісу