Өтіп бара жатқан жыл әлем үшін түрлі инновациялық жаңалықтарға толы болды. Олар келешекте адамзаттың игілігіне қызмет етеді деген үміт бар.
Күндердің күнінде адамдар үстіндегі киімінің түсін саусағымен қарапайым ғана ишарат білдіріп, өзгерте салатын жағдайға жетуі мүмкін. Жақында Гонконгтағы зерттеушілер тобы «ақылды мата» ойлап тапты. Бұл материалдың өңі өзіне орнатылған шағын ғана камера мен жасанды интеллекттің көмегімен ауыса береді. Тіпті көйлекке ұнаған реңкті смартфоннан таңдап алуға да болады.
Әлемде жыл сайын көлік дөңгелектерінің 29 миллион тонна шинасының мерзімі аяқталады екен. Чилидегі технологиялық компаниялардың бірі соларды қоқыстан жинап әкеліп, қатты көміртегіне айналдырып жатыр. Ал мұндай көміртегін экологияға зияны жоқ электромобилдің аккумуляторына қажетті анод материалына айналдыруға болады екен.
Ал Нью-Йорк хирургтері инновациялық операциямен дүниежүзінде бірінші рет көзді толық трансплантациялады. Бұл процедура медицинадағы үлкен серпіліс атанып отыр. Дегенмен науқас жаңа көзбен көре ала ма? Ол жағы әзірге белгісіз. Ең бастысы - көз алмасы, оның қанмен қамтамасыз етілуі және көзді мимен байланыстыратын оптикалық жүйке жүйесі сәтті трансплантацияланып отыр. Бұның бәрі келешекте адам көзін қалпына келтіруге жол ашуы ғажап емес.
Қазір жасанды интеллектің күшімен адамның көшірмесін экранға шығарып, сөйлетуге, ән салдыруға болады. Сондай мысалдардың біріне осы айда әлем жұртшылығы Ресейде куә болды. Желтоқсанның 14-де Мәскеуде өткен халықпен сұқбатта президент Владимир Путинге петербургтік студент мемлекет басшысының өз бейнесінде эфирге шығып, сұрақ қойды.
Әшекей бұйымдарға қажетті гауһартастар табиғи жағдайда қалыптасуы үшін миллиардтаған жыл кетуі мүмкін. Бүгінгі ғылым бұл процесті де жеделдетті. Қазір бағалы тастарды зертханада он аптада өсіруге болады. Және де мұндай бриллианттың табиғи баламасынан айырмашылығы жоқ, ал бір каратының бағасы 80 пайызға арзан. Лондондық дизайнер Анабела Чан бұл бұйымдарды «ғылым мен өнердің» жемісі деп есептейді.