Елімізде мектептердің 25 % робототехника сыныбы жұмыс істейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде мектептердің 25 % робототехника сыныбы жұмыс істейді

27.12.2023

Еліміздегі 7723 мектептің 25 пайызында робототехника сыныбы бар. Биыл робот құрастырушы оқушылар үшін 100 арнайы кабинет ашылды. Бірер күннің ішінде тағы 34 сынып толық жабдықталып бітпек. Роботехника сыныбында оқушылар қандай жобаларды жүзеге асырып жатыр? Жаңа құрылғыға жасанды интеллекттің көмегі қаншалықты маңызды?

11 сынып оқушысы Сүлеймен Ескендірдің робот құрастырудан жарыстарға қатысып жүргеніне 5 жыл. Соңғы жобасы - өрт сөндірушілердің жұмысын жеңілдететін робот жасау. Бұған дейін дөңгелек арқылы жүретін құрылғы жасап көрсе, енді алты аяқты жол талғамайтын роботты құрастырып жатыр. Қашықтан басқарылатын «өрмекші» оқиға орнынан барлық мәліметтерді жылдам жібере алады. Оқушыға бұл идея - Семей орманындағы алапат өрттен кейін келген.

Ескендір Сүлеймен, С.А.Қожықов атындағы № 39 мамандандырылған лицейдің 11 сынып оқушысы:

Өрмекші робот қазіргі таңда өте актуальный проект, себебі көптеген табиғи апаттарда құтқарушылар адамдарды құтқарамын деп өз өмірлерін мерт қылады, осындай жағдайларда робот өзін адамның орнына құрбан етуге дайын болғандықтан, мен осы жобаны қолға алдым. Робот қазіргі таңда адамды толықтай алмастыра алмайды, бірақ 40 пайызға адам өмірін жеңілдетеді.

Ескендірдің ендігі идеясы - тамақ тасушы роботтың жобасын жасау. Өйткені, оны дәл осы курьерлердің көп апатқа түсетіні алаңдатады. Үйірмелестері де тың техниканы құрастыруға ынтық. Осы уақытқа дейін бір ғана мектептің оқушылары 70 шақты додада топ жарып, 15 ғылыми жобаны қорғап шыққан. Роботты жылдам әрі сәтті жасауда жасанды интеллект көмекке келеді екен.

Сабыржан Мустафин, робототехника үйірмесінің жетекшісі:

Балалар жасанды интеллекті тек қана робототехника саласында емес, 3Д моделирование саласында, программалау саласында қолданады. Жасанды интеллект қалай бізге көмектеседі? Ең алдымен роботқа үлкен программа жазу үшін бізде 2-3 ай уақыт кетуші еді. Бірақ жасанды интеллект арқылы біз белгілі бір функцияны бір аптаның ішінде жазып шыға аламыз 7Д Моделирование саласын алайық, егерде шынайы адамға ұқсайтын бір модельді жасау үшін компанияларда жарты жыл уақыт алатын болса, біз осы құралдарды қолданып 2-3 күн ішінде дизайн құрастырып, одан кейін 3Д моделін жасай аламыз.

Қазір қала мектептерінің кейбірінде роботехника сыныбы жоқ. Осы уақытқа дейін 75 арнайы кабинет ашылған, келесі жылы тағы 17 сынып пайдалануға берілмек. Мұндай сыныптарды ашу өз алдына, оны жабдықтауға келгенде қомақты қаражат қажет.

Нәйла Тоқтамұратқызы, С.А.Қожықов атындағы № 39 мамандандырылған лицейдің директоры:

Былтыр 6 млн-ға осы кабинеттің ішіне керек құрал жабдықтарды алған болатынбыз және биылғы оқу жылында біздің мектебіміз Алматы қаласы бойынша үздік білім беру ұйымы деген конкурстың жеңімпазы болып Алматы қаласы әкімдігінің тарапынан 56 млн теңге гранттың иегері болдық. Оған біз мектептің толық техникалық материалдық базасын, оқу кабинеттерін, оқу құралдарын толық жаңарттық. Тағы да сол 56 миллионның біз 18 миллионын осы робототехника кабинетіндегі заттарды жаңартуға жабдықтап беріп отырмыз.

Мектеп тарапының роботехника мен жасанды интеллектке ден қоюына түлектердің таңдауы себеп. Өйткені әлемнің үздік оқу орнына түсуді көздеген оқушылар осындай тың жобаларды жасау арқылы өз мүмкіндіктерін делелдеулері қажет.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу