Ақтауда заңсыз салынған тұрғын үй сүрілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда заңсыз салынған тұрғын үй сүрілді

25.12.2023

Ақтауда тағы да заңсыз салынған тұрғын үй сүрілді. Бұл жолы үлескерлер қарсылық көрсеткенімен, құзырлы орган 5 қабатты нысанды жермен-жексен етті. Себебі, ғимарат рұқсат құжаттарынсыз салынған. Енді тұрғындар баспананың құнын кімнен талап етпек? Әкімдік не дейді?

5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй Приморский тұрғын үй массивінде орналасқан. Құрылысы шамамен 60 пайызға аяқталған. Соған қарамастан барлық пәтері сатылып кеткен. Үлескерлер әр түрлі қаржы салғандарын айтады. 100 пайыз төлегендер де бар.

Ергешбай Әлмұратов, Ақтау қаласының тұрғыны:

Мен 8 млн салдым. Халықтың жағдайына қарау керек қой. Мынау қаншама қаражат кетті осыған? Қазір ақшаны ешкім қайтарып бермейді. Бізден алған ақшаға құрылыс жасап қойды. Енді бұл халыққа қиянат қой.

Олег Гуммеников, Ақтау қаласының тұрғыны:

Бұл үйден ұлыма баспана алып қойғанбыз. Мәселенің ушығатынын қайдан білейік. Біздің қаражатымызды кім қайтарады?!

Тұрғындардың қарсылығына қарамастан, тұрғын үйдің құрылысы сот шешімімен сүрілді. Құрылыс компаниясы басшылығының айтуынша, 2021 жылы Ақтау қаласы әкімдігі мен құрылысшы арасында меморандум жасалған. Оның аясында мердігер құрылысы аяқсыз қалған танхаустарды аяқтап, жанынан тұрғын үй салуға міндеттеледі. Ал әкімдік тұрғын үйдің құжаттарын түгендеуге қол ұшын беру тиіс болған.

Нұрбек Өтегенов, құрылыс компаниясы директорының орынбасары:

Рұқсат құжаттар бізге қасақана берілмеді. Біз меморандумға сеніп, танхаустың құрылысын 50 пайыз салсақ, бізге АКЗ, сараптама беру керек болатын. Тағы біраз салсақ, құрылыс талоны ал құрылыс аяқталғанда енгізу актісін алатын болғанбыз.Енді меморандумның заңды күші жоқ, деп танхаустарды емес, біздің нысанды сүрмекші.

Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тінәлиев тұрғындардың қауіпсіздігі бірінші орында тұрғанын айтады. Өйткені, рұқсат құжатынсыз салынған үйге қоныстану қауіпті. Заңсыз үйге инжинерлік желілер де қосылмайды.

Ұлықбек Тінәлиев, Ақтау қаласының әкімі:

Ол уақыттан бері 3 жыл өтті. Осы кезге дейін жұмыс жобасын жасап, сараптама жүргізуі тиіс еді. Ал қазір бұл құрылыс адам өміріне қауіпті болуы мүмкін.

Қала әкімінің айтуынша, үлескерлер қаражатты құрылыс компаниясынан ғана талап ете алады. Айта кетейін, шаһарда бұған дейін 3 заңсыз құрылыс сүрілді. Оның бірі – тұрғын үй. Мамандардың айтуынша, әлі де 28 заңсыз құрылыс бар.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу