Қытайдың солтүстік-батысында болған зілзаладан қаза тапқан адам саны 131-ге жетті. Мыңға жуық тұрғын жараланған. Мыңдаған ғимарат құлап, адамдар үйсіз қалды. Жағдайды күннің суық болуы қиындатып тұр. Зілзала жайпаған өңірлерде 4 мыңдай адам жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында волонтерлер де бар.
Қытайда дүйсенбінің түнінде болған жойқын зілзаладан қаза тапқан адам саны 130-дан асты. Мыңға жуық тұрғын жараланған. Марқұмдардың саны әлі де өсуі мүмкін. Себебі үйінділер толық тазартылып біткен жоқ. Ал құтқару операциясы аяқталды.
Ханьшу Цзюнь, Ганьсу провинциясы төтенше жағдайлар басқармасының өкілі:
Табиғи апаттар кезінде көмек беру орталығы өз жұмысын жалғастырады. Құтқару жұмысы аяқталып қалды. Бар күшті жараланғандарды емдеуге және үйсіз қалғандарға көмек беруге жұмсап жатырмыз.
Қуаты 6,2 балдық жер сілкінісінен Ганьсу және Циньхай провинциялары ең көп зардап шекті. Мыңдаған үй жермен-жексен болған. Кей жерлерде лай мен тас көшіп, жолдар бұзылған. Баспанасыз қалған тұрғындарға уақытша лагерлер тұрғызылды. Алайда зілзала жайпаған өңірлерде күн 15 градус суық.
Ду Дасью, ауыл тұрғыны:
Мұндай суықта электрлі көрпе арқылы жылынуға мәжбүрмін. Өткен түнді ұйқысыз өткіздім. Табиғи апат қой бұл. Оны ешкім алдын ала болжап біле алмайды.
Қытайда мұндай қатты жер сілкінісі 2014 жылдан бері болмаған. Бірінші зілзаладан кейін ондаған шағын дүмпу болды. Бұған қоса, тұрғындарға алдағы күндері қуаты 5 балдан асатын жер сілкінісі қайталануы мүмкін екені ескертілді.
Арай Төлегенқызы