Ақпараттық топтар. Мәдени шаралар. Қайырымдылық істер. Ғылым мен өнерде табысқа жеткен өрендер. Шымкентте жыл бойы ел дамуына негіз болатын осындай тағылымды істің басы-қасында жүрген шымкенттік жастардың үздіктері анықталды.
Парасат колледжіндегі жастар ісі комитеті биылғы жылдың үздігі атанды. Орта арнаулы оқу орнының 300-ден астам студенті еріктілер қатарына қосылып, қайырымдылық ісіне үлес қосты. Сондай-ақ бірнеше жас ерекше өнерімен түрлі байқауларда топ жарды. Олар спорт пен зияткерлік ойындарында да үздіктер сапында болды.
Абзал Жанбосынов, орта арнаулы оқу орны жастар комитетінің төрағасы:
Спорттық деңгейде Парасат колледжі Шымкент қаласындағы 38 орта арнаулы оқу орындары арасындағы спартакиадада командалық есепте 1 орын алды.
Байқауда колледж студенттерінен бөлек тағы 20 жас өз салаларының үздігі атанды. Олардың ішінде ғалым, суретші, журналист, дәрігер мен мұғалім, әскери қызметші де бар.
Соңғы жылдары шаһарда жастарға барынша қолдау көрсетіліп келеді. Биылдың өзінде 21 мыңнан астам жас еңбекке араласты. 900-дей азамат баспаналы болды. Мемлекеттің қаржылай қолдауы арқасында кәсіпкерлікте де жастардың үлесі көбейіп келеді.
Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:
Кәсіпкерлікті қолдау ұлттық жобасы шеңберінде 231 үміткердің бизнес жобасы комиссияда қаралып, нәтижесінде 189 жас 2,5 пайыз үстемақымен жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, жұмыстарын бастап кетті.
Жастар арасында өткізілетін үздіктер байқауы осымен он үшінші рет өткізілді. Биыл оған қатысуға 168 жас өтінім берген. Жыл көшбасшыларына қала әкімі диплом, арнайы статуэтка мен қаржылай сыйақы тарту етті.
Ғани Қалмаханов