Осы аптада әлемнің 200-ге жуық елінің делегаттары қазба отынды тұтынуды қысқарта бастауға уағдаласты. Мұндай келісім Біріккен Ұлттар Ұйымының Дубайда өткен 28-ші климаттық саммитінде жасалды. Оған қол жеткізу үшін әлем елдерінің өкілдері екі апта бойы күрделі келіссөз жүргізді. Құжаттың түпкі мақсаты – келешекте жаһандық температураның шектен тыс көтерілуінен келетін апаттардың алдын алу. Бұл – мұнай, газ, көмір тәрізді қазба отын түрлерінен бас тарту жолындағы салмақты қадам.
Қазір климатологтар жаһандық температураны индустриалдық дәуірге дейінгі деңгейінен 2 градустан артық асырмау қажет деп есептейді. Ол үшін қазба отыннан бас тарту қажет. Өйткені мұндай отын көмірқышқыл және метан газдарын таратып, атмосфераның астыңғы қабатында жылуды көп ұстап, климатты жылытып жатыр. Ал сынап бағанасы шектен тыс көтеріле беретін болса, мұздықтар еріп, теңіз деңгейі көтеріліп, кейбір елдер суға кетсе, өзге бір жерлерді қуаңшылық пен ашаршылық жайлауы мүмкін.
Арай Төлегенқызы