Жамбыл облысында қыс қаһарына мініп, автожолдарды қар алып қалды. Қар құрсауында қалып үсік шалғандар да бар. Теміржолдардың қозғалысы да қиындаған. Жергілікті деңгейде табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілген аймақтан Данияр Әлімқұл соңғы ақпараттарды айтсын.
Жамбылда аяздың арты боз боранға ұласты. Табиғаттың тосын мінезі 4 ауданның халқын әуре-сарсаңға салды. 11 жол учаскесі жабылып, жалпы ұзындығы 1 103 шақырым автожолда қозғалыс тоқтады. Мыңнан астам көлік қаңтарылып қалды. Тіпті темір жол қозғалысы да шектеліп, 5 мыңнан астам жолаушысы бар 11 бағытта уақытша қатынас үзілді. Ал вокзалдарда қара құрым халық сеңдей соғылысып жүр. Тараздағы темір жол кассаларында кептеліс. Күткен пойызы келмегендер билеттерін кері өткізіп жатыр. Ашынған ел ас-ауқат пен жылудың жоқтығына наразы.
Ал вокзал әкімшілігі шәй берумен ғана шектелдік дейді. Есесіне бағыты келетін барлық жолаушыны тегін тасымалдауға көшіпті.
Бейбіт Садықбеков, «Қазақстан темір жолы» ұк АҚ «жамбыл магистральдық желі бөлімшесі» филиалы директорының орынбасары:
Келген келгенінше жолаушыларды отырғызып жатырмыз, билетсіз, ештеңкесіз. Тегін шәй беріп жатырмыз. Тамақ бере алмаймыз. Әкімшілік бере ме деп, ЧС беру керек негізі. Бүгін кешке дейін біз жолды орнына қоямыз деген жоспарымыз бар.
Жалпы Жамбылда 5 мыңнан астам адам құтқарылды. Олардың 100-ден астамы бала болса, 39-ы шетелдік азамат. Ал төтенше жағдай жарияланған Қордай мен Шудағы жолда қалған жолаушылардың жүзіне шырай кіре бастады. Ал аймақта электр қуатынсыз қалған 32 елді мекеннің әзірге 20-сына жарық берілді. Аймақ басшысы түнге дейін ауылдар толық қамтылады деп отыр. Әзірге ұзындығы 100 шақырымнан асатын «Мерке-Шу-Бұрылбайтал» жолы ашылды.
Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:
Жолаушылар жолда қалған себептерден төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болдық. Қазір автокөліктерді өткізу процесін бастадық. Автокөліктен түсірілген жолаушылар 300-ге жуық адам пойыздарға отырғызылып, басқа станцияларға жетіп алды. Қазіргі уақытта кешке жақын негізгі ахуал бізде тұрақты.
Ал темір жол бағыттарын ақ ұлпадан аршуға Алматы мен Қарағандыдан 200 адам көмекке келді.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Шекара маңындағы өткізу бекеттеріне жақын жол жабылғандықтан Қырғыз көршілер де қарап қалмады. Асарлатып жүріп жолды аршып алдық. Қазір аймақта аяздың апшысы біршама басылды. Ал саусағы мен құлағы үсік шалып ауруханаға түскен алты адамның жағдайы жақсарып келеді.
Данияр Әлімқұл