Шығыстағы Риддер қаласындағы кейбір көпқабатты үйдің тұрғындары пәтерлері суық екенін айтып шағымданып жатыр. Әсіресе, жоғарғы қабатта тұратындар батареядағы жылу мардымсыз болғандықтан электр жылытқыш қосып, үйде қалың киіммен жүретінін айтады.
Былтырдан бері жыр болған шағын шаһардағы жылу мәселесін тілшіміз Олжас Керейханнан білсек. Олжас нақты жағдай қалай?
– Риддердегі кейбір көпқабатты үйлер суық. Әсіресе, қаланың шетіндегі шағын ауданның тұрғындары шағымданып отыр. Ол баспаналардың барлығы да мемлекеттік бағдарламамен салынған. Кейбір пәтерлердегі жылу 15 градустан аспайды.
Салтанат Сылдырбаева, Риддер қаласының тұрғыны:
Жоқ дегенде екі көрпе жамылып жатамыз. Өйткені үй салқындады. Үш-төрт күн, міне, жұмадан бері қалай аяз басталды, солай үй суи бастады. Былтыр пеш қосып, үйді жылытып отырдық. Қазір де тура соған келіп тұрмыз.
Риддердегі әр шағын аудандағы жылу әрқалай. Қаланың қақ ортасындағы баспаналар да салқындап кеткен. Сондықтан кейбір тұрғындар туыс-туғандарын паналап жүр.
Самат Бітімбаев, Риддер қаласының тұрғыны:
Міне, екі-үш күн болды апаны жылы үйге апарып тастадық. Туыстардың үйіне, ескі үйлерге. Мына үйлерде өзіміз тұрып жатырмыз. Балалар үлкен, шыдауға болады. Бірақ енді мынау болмайтын жағдай. Үй мүлде суық.
Қала басшысының айтуынша, суық үйлердің ішкі жылу жүйесі әбден тозған. Құбырлардың көбі ескі болғандықтан, қысым жоғары қабаттарға көтерілмейді.
Дәулет Батырбаев, Риддер қаласының әкімі:
Көптеген тұрғындар батареяларының жоғарғы жағы ыстық, төменгі жағы суық екенін айтады. Оны қысым жоқ деп түсінеді. Ол дұрыс емес. Біз орталық құбырда қажетті температура мен қысымды ұстап отырмыз. Орталық құбыр қанша шақырым болса да, қысым түспейді. Сондықтан мәселе әр үйдің ішкі жылу жүйесі мен әр пәтердің батареясында. Оған қоса кейбір үйдің тұрғындары қысымды көтеру үшін қосымша сорғы орнатып алған. Ол келесі үйге баратын жылуға кедергі келтіреді. Біз қазір арнайы топ құрып әр көпқабатты үйдің жылуын тексеріп жатырмыз.
Қаладағы балабақша, мектеп, аурухана және басқа мемлекеттік мекемелерде жылу қалыпты. Риддер ЖЭО жаңғыртуға үкімет 8,5 миллиард теңге бөлді. Қазір орта қысымдағы 3, жоғары қысымдағы 2 қазандық істеп тұр. Қала әкімінің сөзіне сенсек, қолданыстағы қазандықтардың қуаты жылу беруге толық жетеді.
Қазгидромет мамандары шығыста келер аптада ғана аяз қайтатынын хабарлады.