Алдағы уақытта елімізде сүт өнімдерін шығаратын 115 ферма және 15 ірі құс фабрикасы салынады. Президент бүгін «Алтын сапа» жүлдесін табыстауға қатысып, кәсіпкерлік саласындағы негізгі міндеттерді атады. Қазақстан таяу жылдары ауыл шаруашылығы саласындағы өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу қажет. Осы ретте келер жылдан бастап бизнесті дамытуға арналған кешенді бағдарлама қолға алынады. Басымдық шағын және орта бизнеске берілмек. Қазір шағын бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 36 пайыздан асқан. 4 млн 300 мың адам осы салада еңбек етеді. Мемлекет басшысы бизнеске қатысты бюрократиялық кедергілердің де азайып келе жатқанын айтты. Талдау нәтижесі бойынша 10 мыңнан астам заң нормасы талапқа сай келмейтіні анықталған. Олардың 90 пайызы күшін жойды. Сонымен қатар инвестициялық жобаларға қолдау артады. Оларға «жасыл дәліз» қағидаты қолданылмақ. Бүгін «Алтын сапа» байқауында еліміздің үздік кәсіпкерлерлері марапатталды. Сонымен қатар әлеуметтік салаға қолдау жасап, қайырымдылыққа үлес қосқандардың да еңбегі еленді.
Ерлан Сагидолдин, кәсіпкер:
ШҚО, Орталық Қазақстан бойынша бекіре балығын өсіретін кәсіпорын мүлде жоқ. Ертіс өзені ежелден сібір бекіресінің отаны болғандықтан біздің кәсіп өте маңызды болып табылады.
Шерхан Жамбылұлы