Бүгін қазақстандықтарды құбылмалы ауа райы әбігерге салды. Астанада қатты дауыл салдарынан аялдаманың әйнегі сонда автобус күтіп тұрған адамдардың үстіне құлады. Ер адамның жамбасы сынып, ауруханаға жатқызылды. Оралда тұман салдарынан әуе қатынасы тоқтады. Павлодарда көктайғақ болып, бірінші ауысымда оқитын балалар қашықтықтан білім алды. Ал Петропавлда көктайғақ салдарынан соңғы 10 күнде жарақат алып, дәрігер көмегіне жүгінген 430 тұрғын тіркелді.
Екатерина Белоусова, Петропавл қалалық көпбейінді аурухананың баспасөз хатшысы:
Бір айда көшеде құлап, жарақат алған 720 адам тіркелді. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда көп. Ауруханаға көбіне егде адамдар түсіп жатыр. Дәрігерлер далада абай болуға кеңес береді.
Ақтөбеде де ауа райы құбылып тұр. Түнде жауған жаңбыр соңы көктайғаққа ұласты. Салдарынан бір күнде аяқ-қолын жарақаттап алған елуге жуық адам дәрігерлерге жүгінді.
Бағлан Рахметов, дәрігер-травматолог:
Көбісі келіп жатқан тобық қайырып алған, қолын шығарып алғандар. Аяқ киім жақсы болуы керек, үлкен кісілер қолына міндетті түрде таяқ ұстауы керек. Сосын шамалы аяқтарын бүгіп, жайлап асықпай жүруі керек.
Оралда көктайғақ пен тұманның салдарынан әуе қатынасы тоқтады. Түні бойы қар аралас жаңбыр жауып, әуежайдың ұшу-қону айлағында мұз қатқан. Салдарынан Алматы-Орал ұшағы Ақтөбеге қонуға мәжбүр болды. Бүгін күн күрт жылынып, тұман түсті. Салдарынан 6 жол учаскесі жабылды.
Қостанай облысында да қозғалыс шектеліп, 9 бағытта жол жабылды. Синоптиктер болжамынша алдағы күндері еліміздің солтүстік аймақтарында ауа температурасы күрт төмендеуі мүмкін.
Эльмира Кәленова