Түркістан облысында ел ескі ғимараттан ем іздеп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында ел ескі ғимараттан ем іздеп жүр

04.12.2023

Қарасу ауылындағы бастапқы медициналық көмек орталығы 8 бірдей ауылдың халқына қызмет көрсетеді. Аумағы небәрі 250 шаршы метр болатын емханаға 24 мың адам тіркелген. Ауруы жанына батқан жұрт тар дәлізде тізе бүге алмай кезек күтіп, дәрігердің алдына әрең жетеді.

Жәмилә Тәжиева, Қарасу ауылының тұрғыны:

Ғимарат тар. Дәрігер жетіспейді. Келсең өсітіп, 5-6 сағаттап күтіп отырасың.

Ғимарат бастапқыда дәріхана үшін салынған. Кейіннен бөлмелерінің арасын бөліп медициналық пункт, артынан амбулатория, бертінде күндізгі стационары бар орталық етуге мәжбүр болды.

Алтынай Қасымқұлова, аға медбике:

Іші тар. Қараңғы. Бір бөлмеде екі дәрігерден қабылдайды. Күндізгі стационар бар бізде. Оған сыйматын болғандықтан арендаға, жалға алып отырмыз.

Емханада медициналық құралдардың өзіне орын жетпегендіктен біразын дәлізге шығарып қойған.

Ғимараттың тарлығынан бір бөлеменің өзі бірнеше мақсатта пайдаланалып отыр. Қызметкерлер осында киім ауыстырады. Ары қарай аға медбикенің жұмыс орны. Ал бөлменің қуысы дәрілік қойма етіп жасақталған. Талап бойынша препараттар салқын, желдетілетін, бөлек бөлмеде сақталуы тиіс. Бірақ мұнда ондай талапты сақтайтын мүмкіндік жоқ.

Манкент ауылындағы емханада да тура осы жағдай. 28 мыңнан астам тұрғын дертіне шипа іздеп, тар ғимаратқа тығылады. Жаңа емхана салу үшін осыдан 7-8 жыл бұрын екі ауылда да бір гектардан жер бөлінген болатын. Содан бері құрылысқа қазынадан қаржы қаралмай келеді.

Зәрипа Оспанова, Сайрам ауданы орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

АПЗ деген құжаттамасын дайындап, денсаулық сақтау басқармасына өткізілген. Енді жобалау құжаттамасына қаражат бөлінбеген. Сондықтан инвестор тарту мәселесі шешіліп жатыр.

Қазына қаржысын үнемдеген жергілікті билік енді жаңа емханадарды мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізінде тұрғызуды ұйғарып отыр. Алайда әзірге бұл істі қолға алатын инвесторлар әлі табыла қойған жоқ.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу