Ақмола облысындағы мектептерде 200-ден астам заңбұзушылық анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысындағы мектептерде 200-ден астам заңбұзушылық анықталды

01.12.2023

Ақмола облысындағы мектептерде бұрын сотты болған азаматтар жұмыс істеген. Мұны облыстық прокуратура кешенді тексеру кезінде анықтады. Санитариялық және өрт қауіпсіздігі бойынша да кемшіліктер көп. Барлығы 200-ден астам заңбұзушылық тіркелді. Аймақтағы қырық мектепте жұмыс істейтін мұғалімдердің кәсіби біліктілігі де талапқа сай болмаған. Ал шалғай жатқан ауылда орналасқан білім ордасының жертөлесінде оқушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жауынгерлік қару-жарақтармен оқу атыстары жүргізілген. Қазіргі таңда аталған заңбұзушылықтар бойынша 41 тұлға әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Мақсат Сұрағанов, облыстық прокуратураның аға прокуроры:

Тексеріс барысында буллинг фактілері де анықталды. Оны бастаған балалар есепке алынды. Сондай-ақ, кейбір мектептерде жұмыс істемейтін мұғалімдерге заңсыз жалақы төленіп келген. Мысалы, қалалық білім ордаларының бірінде директордың орынбасары туысын ресми түрде жұмысқа орналастырып, кейін оның еңбекақысын ай сайын өзі алып отырған. Қазіргі таңда жымқыру, құжаттарды қолдан жасау және басқа да фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Ұмсындық Наурызбаева


Ақмола облысы

Хабарламаларға жазылу