Мектептің ас мәзірі 50 ұлттық тағаммен толығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектептің ас мәзірі 50 ұлттық тағаммен толығады

29.11.2023

Астанадағы 6 мектептің асханасы оқушыларына ұлттық тағамдар ұсынылып жүр. Ас мәзірінде сүзбе, көже, нарын, балқаймақ бар. Оқу-ағарту министрлігі мектеп асханасының ас мәзіріне 50 ұлттық тағам енгізбекші. Министрлік пилоттық жобаны Ұлттық салауатты тамақтану орталығымен бірлесіп шығарған. 

Бұл Астанадағы нөмірі 74 мектеп. Мұндағы оқушыларға пайдалы ас мәзірін ұсыну жоспарланып жатыр. Қазір ата-аналар арасында сауалнама жүргізілуде. Егер балада аллергиялық реакция болса, тағамның өзге түрі қарастырылады.

Әйгүл Тілеулина, әлеуметтік педагог:

Ата-аналардың көбісі келісім беріп жатыр, ал енді қарсылық танытқандарға, альтернативті түрі болады. Дұрыс тамақтанудың басқа да түрлері беріледі. Мысалы брокколи, сәбіз жемейтіндерге оған өзгерістер енеді, альтернативті тағамдар болады.

Мұндай пайдалы ас мәзірі қазір елордадағы 6 мектепте сынақтан өтіп жатыр. Асханада міндетті түрде отандық өнімдер қолданылады.

Мереке Нұрмұханова, ҚР оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы:

Мектептің ас мәзіріне 50 ұлттық тағамды енгізуге мүмкіндік береді. Оның ішінде кеспе етпен, нарын, лағман, сүзбеше, палау, балқаймақ тағы басқалары бар. Бұл көп ғасырлық дәстүр бойынша жасалған мәзір.

Дәрігерлер ұлттық тағамдарды қолдайды. Қосымша 99 ауруға ем саумалды да енгізсек дейді.

Бақытжан Бейімбетов, гастроэнтеролог-дәрігер:

Сүт тағамдарының ішінде мен айтар едім, саумалды қосу керек деп. Себебі емдік шипалық қасиеттері өте зор. Ал қымызға келер болсақ, оны балаларға беруге болмайды. Себебі оның құрамында спирт бар.

Айта кетейік, осыған дейін мектеп асханаларында сүтті тағамдарға тыйым салынған еді.

Аида Ахметбек, тілші:

Мамандар пайдалы деп таныған саумалды ас мәзіріне енгізу енгізбеу министрліктің құзырында. Әзірге тәжірибе жүзінде сыналып жатқан пилоттық жоба қолдау тапса, онда жыл соңына дейін барлық өңірдегі мектептерге енгізілмек. Осылайша, мектеп асханаларындағы зиянды тағамдар бірте-бірте ас мәзірінен алынып тасталмақ.

Аида Ахметбек


Хабарламаларға жазылу