Того Президенті ресми сапармен Қазақстанға келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Того Президенті ресми сапармен Қазақстанға келді

28.11.2023

Қазақ кәсіпкерлері Африка құрлығындағы тау-кен өндірісін зерттеуге атсалысуы мүмкін. Бүгін Астанаға ресми сапармен Того республикасының президенті Фор Эссозимна Гнассингбе келді. Бұл алғашқы сапар. Бұрын-соңды бұл елдің басшылары қазақ жеріне келмеген. Дипломатиялық қатынастың өзі 2014 жылы орнаған. Қазақстан мен Батыс Африка мемлекеті бір-бірінен алшақ болса да, алыс-берісті жолға қойып, тұрақты байланыс орнатуға ниет танытып отыр. Алыстағы Африкаға не сатамыз? Ол жақтан не аламыз? 

Биыл қараша айы астаналықтарды жылы күн райымен қуантып отыр. Алайда шіліңгір ыстыққа үйренген тоголықтар үшін бұның өзі тым суық.

Фор Эссозимна Гнассингбе, Того республикасының президенті:

Сіздердің қонақжайлықтарыңыз соншалықты мұндағы суықты да сезбей қалдық. Жоғары деңгейдегі қабылдау үшін рақметімді айтамын.

Того Африканың батысында, Атлант мұхитының жағасында орналасқан шағын мемлекет. Халық саны 9 миллионға жуықтайды. Экономикасы ауыл шаруашылығына арқа сүйейді. Көлік-транзит тұрғысында маңызды ел. Ломе қаласындағы порт қара құрлықтағы ең ірі айлақтың бірі. 300 млн адам тұратын көрші елдер үшін ірі логистикалық орталық болып отыр.

Сәулегүл Сайлауқызы, Қазақстан Республикасының Марокко Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі:

Того – аграрлы мемлекет. Өте көп жеміс-жидек өсіреді. Цитрусты. Олар біздегі кен-мұнайға, фосфатқа, бидайға қызығады.

Қазір Қазақстан мен Того арасындағы сауда-саттық төмен деңгейде. Тек 2021 жылы химиялық тыңайтқыш сатқанымыз бар. Бүгінгі келіссөз барысында осы олқылықтың орнын толтыру мәселесі сөз болды. Агро, қазба байлықтарды бірлесе игеру, өндіріс және инвестиция салаларында мүмкіндік мол.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Екі ел үкіметтеріне тауар айналымын арттыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беруге келістік. Әсіресе, Қазақстанның Тогоға дәнді дақылды экспорттау мүмкіндігі зор екеніне назар аудардық.

Того қазба байлықтарға да бай ел. Қазақстан оны игеруге атсалысуы мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен Қазақстан кәсіпкерлері Тогоның тау-кен өндірісін зерттеуге дайын екенін атап өттім. Сонымен қатар екі елдің көлік-логистика саласындағы әріптестігі жан-жақты талқыланды. Қазақстанға Ломе портының әлеуетін қарастыру бойынша ұсыныс айтылды.

Алдағы уақытта Қазақстанның сауда делегациясы Тогоға барады. Ал африкалық кәсіпкерлер Астана халықаралық форумына шақырту алды. Білім саласында да әріптестік орнауы мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Того жастарына Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуды ұсындым. Бүгінгі қатынастарымызға тың серпін беру үшін елдеріміздің Құрметті консулдарын бекітуге келістік. 

Тоголықтар біздің елдегі цифрландыру саласындағы тәжірибені меңгеруге ниетті. Шара барысында сала өкілдері министр Бағдат Мусинмен бірден тіл табысып, байланыс нөмірлерімен алмасып үлгерді.

Фор Эссозимна Гнассингбе, Того республикасының президенті:

300 миллионнан астам халқы бар Батыс Африка елдерімен тауар айналымын жолға қойған Того қазақстандық инвесторлардың қызығушылығын туғызады деп ойлаймын. Қазақстан цифрландыру саласында айтарлықтай жетістікке жетіп отыр. Біз де өз елімізде цифрландыру жобаларын іске асырып, осы бағыттағы ынтымақтастықты жолға қоюға ниеттіміз. 

Былтыр Қазақстан мен жалпы Африка елдері арасындағы сауда-саттық 1 млрд доллардан асты. Қазір ірі елдердің барлығы да қара құрлықпен қарым-қатынасты күшейтуге мән беріп отыр. Қазақстан да бұдан шет қалмайтын көрінеді.


Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу