Семейде ІТ саласындағы үздік жобалар фестивалі өтті. «Steam fest «Digital Abai» облыстық байқауы оқушылар мен студенттер арасында ұйымдастырылған. Оған жыл бойы түрлі инновациялық жобаларға қатысып гранттар иеленіп, жүлдегер атанған дарындылар қатысты. Мақсат - жастарды ғылыми-техникалық шығармашылыққа баулу, үздік IT-жобаларды анықтау, қолдау.
Сұлтан Берікхан робототехникаға бастауыш сыныптан қызығушылық танытып келеді. Осы уақытқа дейін түрлі ІТ жобалардың авторы атанған. Беделді байқаулардың жеңімпазы. Фестивалге өзінің ең үздік туындысының бірін әкеліп таныстырды. Құрастырған «сапер-роботы» түрлі апаттық жағдайларда адамдарды құтқаруға арналған. Дарынды жас енді жобасын дамытып, өндіріске шығаруды көздейді.
Сұлтан Берікхан, 9-сынып оқушысы:
Мен өзім кадет сыныбында оқығандықтан, осы «сапер-роботты» жасап шығардым. Бұл роботты үш набордан жасап шығардық. Апатты жағдайлар көбейгендіктен осы роботты ойлап табуға шешім қабылдадық. Бұл біздің Қазақстанда жоқ деуге де болады.
Фестивальға Абай облысындағы мектептер, колледж бен университтерден 2 мыңға жуық дарындылар қатысып, 90 ға жуық Startup жоба көрмеге қойылды. Түрлі саланы дамытуға арналған ІТ құрылғылар, жасанды интеллект бағдарламалар ұсынылды. Шараға елімізде осы саланы дамытуға үлес қосып, оқу орындарын заманауи құрылғылармен жабдықтап жүрген ірі компаниялар да қатысып, өз өнімдерін таныстырды.
Әсем Нүскенова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
Робототехниканы дамыту бойынша атқарылған жұмыстардың бір қорытындысы ретінде бүгін осы үлкен ІТ фестиваль өтуде. Өте ұнағаны біздің ауыл мектебі оқушыларының дайындаған жобалары. Аягөз ауданының мектебінің дайындаған жобасы, Аягөз ауданының фермерларының қызығушылығын арттырып, қазір оған қаржылық кәдімгідей грант беріп отыр.
«Digital Abai» облыстық IT – фестивалі енді жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін болады. Байқауда ең үздік жобалардың авторлары облыс әкімнің атынан гранттар, сертификаттарды иеленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ержан Жақып