Өзбекстанның Наманган облысында балалар жаппай қызылша жұқтырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанның Наманган облысында балалар жаппай қызылша жұқтырған

27.11.2023

Өзбекстанның Наманган облысында балалар жаппай қызылша дертін жұқтырған. Бұл деректі елдің санитарлық эпидемиологиялық қадағалау қызметі растады. Осыдан бірнеше күн бұрын «көрші елдерде аталған дерт өршіп тұр, сақтық шараларын күшейткен жөн» деген ескерту тараған еді. 

Базаркүл Отыншиева, тілші:

Ресми дерекке сай 285 бала ауруханаға түскен, олардың 70 пайызға жуығы бір жасқа дейінгі сәбилер. Намангандағы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы науқастарға лық толы деген ақпарат желілерде жылдам тарап жатыр.Алайда дәрігерлер алаңдауға негіз жоқ деп елді сабырға шақырып отыр.

Илхом Тоджибоев, Наманган облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері:

Ауруханамыз 240 орынға шақталған, қазір 98% толды, қосымша орын қажет болып жатса қамтамасыз етуге дайынбыз. «Бешкапа» балалар ауруханасында 80 төсек орын бос. Жеткіншектер арасында өткір респираторлық вирус та жылдам таралып жатқандықтан жағдайды бақылауда ұстап отырмыз.

Наманган облысы бойынша өткен он айда қызылша жұқтырудың 735 дерегі тіркелген. Дәрігерлер ата аналарды балаға дер кезінде екпе салдыруға шақырып отыр. Сондай ақ егде кісілер мен жеткіншектердің адам көп жиналған орындарға бармағаны жөн дейді. Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері Аймақта қажетті вакцина қорының жеткілікті екенін хабарлады.


Базаркүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу