12 мың қазақстандық «Болашақпен» шетелде білім алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

12 мың қазақстандық «Болашақпен» шетелде білім алды

27.11.2023

Биыл Болашақ бағдарламасының отыз жылдығы. Бұл айшықты датаны мұқит асып білім қуып, біліктілігін шыңдап жүрген қазақстандық жастар АҚШ-тың Бостон қаласында ауқымды спорттық жарыстар өткізіп атап өтті. Шетелдіктер де қазақ жастарына әлемдік деңгейдегі білім нәрімен сусындауға мүмкіндік берген бірегей бағдарламаны жоғары бағалап отыр.

Гарвард, Масачусетс технолгиялық институты секілді әлемдегі беделді ЖОО орналасқан Бостон АҚШ-тың академиялық астанасы саналады. Сондықтан бұл жерде білім алып жатқан қазақтар да көп. Мерекеге орай ұйымдастырылған спорттық шараға таң сәріден жүзден аса жастың жиналуы соның айғағы болса керек. Қазақтың туын алыстан байқап қалған америкалық Пер Хандер де шараға асыға жетіпті. Қазақстанмен уран өндірісі бойынша он жылдан бері тығыз байланыс орнатқан бизнесмен Болашақ арқылы шетелде білім алған қазақ жастарымен жұмыс барысында талай кездескенін әрі олардың жан-жақтылығына тәнті болғанын айтады.

Пер Хандер,кәсіпкер:

Олар жас болса да өте сауатты, ақылды, бірнеше тілде еркін сөйлейтін мықты мамандар. Сондықтан меніңше Болашақ өте сәтті бағдарлама және елдің дамуына үлкен үлесі бар деп ойлаймын.

Пер Хандер талапты жастарға білім алуға мүмкіндік берген бағдарламаның жылдан жылға маңызы арта түсетініне сенімді. Себебі, бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптастыру үшін дамыған елдердің озық технологиясын әкелу жеткіліксіз, озық білімін меңгеру керек. Сондықтан да Бостонда IT, медицина секілді маңызды салаларда білім алып жүрген қазақтар аз емес. Мерейтойға орай олардың бір бөлігі футбол ойнап, үстел теннисінен жарысса, енді бірі шахматтан бағын сынады.

Татьяна Златаева, Бостон университеті Метрополитен колледжінің деканы:

Бұл мереке Қазақстан мен Бостон Университеті арасындағы байланыстың 30 жылдығын айшықтайды. Осы уақыт аралығында біздің жоғарғы оқу орнын жүздеген қазақстандық студент тәмәмдады. Олар мемлекеттік қызметте, кәсіпте және қоғамның белсенді мүшесі ретінде де танытып жүр. Мен соған қуанамын. Қазір де қазақ студенттері университетіміздегі 17 түрлі мамандықты меңгеріп жатыр.

Бағдарлама іске қосылған отыз жыл ішінде 12 мың қазақстандық әлемнің үздік оқу орындарынын тәмамдаса, оның басым бөлігі Америка университеттерінің түлектері. Қазірдің өзінде АҚШ-та жарты мыңнан астам степендиат білім алып жатыр.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу