Елордада көктайғақтың кесірінен травматология орталығына түскендер көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада көктайғақтың кесірінен травматология орталығына түскендер көбейді

22.11.2023

Астанада көктайғақтың кесірінен травматология орталығының алды кезекке толды. Тайғанақтап құлаған адамдар дәрігердің көмегіне жүгінген. Бір күнде қалада 80-ге жуық көлік соғылып, жол полициясы және коммуналдық қызмет күшейтілген режимге көшті. Қаладан шығатын күре жолдар да жабылды. Ауалды толғырақ тілшіміз Жандос Темірғали тарқатып айтады.

Астанада жаңбыр жауып көшелердің бәрі мұз айдынына айналды. Көк мұздың үстімен жүре алмай, тайғанақтап құлап, зардап шеккендер көп. Қаладағы травматология орталығына таңнан бері 70-ке жуық адам келген. Кезекте отырғандары қаншама.

Ертісбай Молдагелдинов Н.Ж. Батпенов атындағы ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының дәрігері:

Екі қолының сүйегі де қозғалып кеткен. Оны орнына келтіріп жатырмыз.Міне бір апай, тоже тайғанап құлаған. Қолы сынған. Қол-аяқ сүйектері ойнамалы болып кеткен. Оны да орнына қойып жатырмыз.

Мағрипа Жармышева, тұрғын:

Дәл үйдің жанында бетон бар еді. Соны аяқпен бастым бітті. Құладым. Қолым майысып астында қалды.Жыладым, бір сағат жыладым.

Көліктер де көк мұзбен жүре алмай кібіртіктеп, полиция күшейтілген режимге көшті. Қала ішінде қатынас қиындады. Мектептер сабақ уақытын 35 минутқа қысқартты. Көктайғақтың кесірінен 80-ге жуық көлік соғылды. Қауіпсіздік – бірінші орында. Сондықтан Астанадан шығатын барлық күре жол жабылды.

Жандос Темірғали, тілші:

Ал бұл – көкшетауға қарай қатынайтын автобан. Мұнда кезекте тұрған көлік көп. Кептелістің ұзындығы шамамен екі км-ге жуықтайды.

Үйіне жете алмағандар жолдың жабылғанына наразы.

Болат Тынбаев, тұрғын:

Мына Бозайғырда тұрам мен.25 шақырым. Жолды ашпайды. Неге? Ақырын жетпейміз бе? Үйде пеш бар, мал бар.

Қала іргесіндегі шағын аудандарға қатынайтын автобустар да жұмысын тоқтатқан болатын, түс ауа қайта жолға шықты. Бірақ, қоғамдық көліктерге шектеу әлі де бар. Елімізде ауа райының күрт өзгеруінен 6 өңірде 26 күре жол учаскесі жабылған.

Ләззат Стамғазиева, «ҚазАвтоЖол» ҰК ресми өкілі:

Жолшы мамандар, қысқы күтіп ұстау жұмыстарының күшейтілген режиміне көшті. 350 арнайы техника, 300 дей адам жұмылдырылды. Көктайғақтың алдын алу үшін, құм төсеу жұмыстары, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Коммуналдық қызмет те күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Қазір тас жолдар біртіндеп ашылып жатыр. Бірақ мамандар сақ болуға шақырады. Өйткені, синоптиктер қолайсыз ауа райы апта соңына дейін жалғасады дейді.

Хабарламаларға жазылу