Еліміздің солтүстігінде сегіз жол учаскесі жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің солтүстігінде сегіз жол учаскесі жабылды

22.11.2023

Еліміздің солтүстігінде ауа райының қолайсыздығына байланысты сегіз жол учаскесі жабылды. «Қазавтожол» мамандарының хабарлауынша, Ақмола облысында 4 жол учаскесі, Солтүстік Қазақстан облысында 2, Қостанай облысында да 2 жол учаскесінде көлік қозғалысы тоқтатылды. Қазгидромет бұл аймақтарда екпінді жел болып, жаңбыр жауатынын хабарлаған болатын. Қазір күре жолдарда 170 арнайы техника мен 240 маман жұмыс істеп жатыр.

Әкімдік тұрғындарды сақ болуға шақырды

Сондай-ақ, Астанадан шығатын барлық бағыттар бойынша жол жабылды. Жаңбыр, көктайғақ және қатты желдің әсерінен қала маңындағы елдімекендерге қатынайтын маршруттардың қозғалысы уақытша тоқтатылды. Қала әкімдігі ауа райының қолайсыздығына байланысты қала тұрғындары мен қонақтарынан жазатайым оқиғалар болмас үшін көшеде жүргенде сақ болуды сұрайды. Синоптиктер болжамы бойынша, бүгін екпіні секундына 16-21 метрге жететін жел болатынын, ертең көктайғақ пен желдің екпіні секундына 15-28 метрге дейін болатынын ескертеді. Қазіргі уақытта қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу